Қазақстанда 450 мың оқушыға 50 851 теңгеден беріледі

Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету науқаны басталады деп хабарлайды Altyn-orda.kz
2026 жылы шамамен 450 мың оқушы мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алу үшін ақшалай төлем алады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясындағы көмек 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін көрсетіледі.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 миллиард теңге қарастырылған.
Биыл бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп. Кейбір өңірлерде жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай төлем көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Қаражатты мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен сабаққа қажетті басқа да құралдарды сатып алуға жұмсауға болады.
Төлем
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға;
атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына;
қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға.
Төлем алу үшін ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері оқушы білім алатын мектепке хабарласып, қажетті құжаттарды тапсыруы керек.










