Қазақстанда бетті толық жауып тұратын киім үшін 1600-ден аса адам жазаланды

Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін 1600-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды деп хабарлайды Altyn-Orda.kz
Ішкі істер органдарының мәліметінше, заң талабын бұзғандарға ескерту жасалып немесе айыппұл салынған. Бұл жерде әңгіме хиджаб туралы емес, адамның бет-жүзін толық жауып, оны тануға мүмкіндік бермейтін киімдер туралы болып отыр.
Олардың қатарына никаб, балаклава, толық жабық маска және осыған ұқсас киім түрлері кіреді.
Заң бойынша мұндай шектеу қоғамдық қауіпсіздік мақсатында енгізілген. Яғни адамның жеке басын анықтау қажет болған жағдайда оның бет-әлпеті көрініп тұруы тиіс. Ал бетті жаппайтын діни киімдерге, соның ішінде хиджаб, шейла, химар секілді киімдерге тыйым салынбаған.
Бұған дейін ІІМ бетті толық жауып тұратын киім кигені үшін мыңнан аса азамат жауапқа тартылғанын хабарлаған еді. Кейін бұл көрсеткіш 1600-ден асқан.
Мамандардың айтуынша, жаңа талап діни киімге қарсы бағытталмаған. Негізгі мақсат — қоғамдық орындарда қауіпсіздікті күшейту және адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беру.
Толығырақ: Altyn-Orda.kz










