Қазақстанда запастағы офицерлер 2 жылға әскери қызметке шақырылады

Биыл елімізде запастағы офицерлер жиырма төрт айға мерзімді әскери қызметке шақырылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

 

Үкімет қаулысына Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес санда офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскери қызметке жарамды және оны өткермеген запастағы офицерлер заңнамада белгіленген тәртіппен 2024 жылы жиырма төрт ай мерзімге әскери қызметке шақырылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», — делінген хабарламада.

Қаулыға сәйкес:

  • Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – 600;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – 80;
  • Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы – 42;
  • Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі – 30;
  • Барлығы – 752.

Қаулы 2024 жылғы 9 ақпанда күшіне енеді.