Қазақстандық студенттің киіз үй пішінінде жасаған сөмкесі Louis Vuitton-ның қызығушылығын тудырған

Айнұр Полатова Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясы мамандығы бойынша магистратураның бірінші курсында оқиды. Бойжеткен қазақ ойындары арқылы ұлттық мәдениетті белсенді түрде насихаттауды ұйғарған. 2022 жылы магистрант «Talapai» стартапын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубаторлар байқауының ақшалай жүлдесін жеңіп алады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz сайтына сілтеме жасап.

Айнұр ерекше ұлттық дизайннан тұратын жоба жасаған. Ол «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар», «Тоғызқұмалақ» ойындарын қазақтың ою-өрнегі бар функционалды сөмке үлгісіне сыйдырған.

«Қазір шетелдік үстел ойындары өте көп. Маған ұлттық ойындарымызды неге дәріптемеске деген ой келді. Осылайша «Talapai» идеясы туды. Әрбір ойын сөмке түрінде жеке ағаш қорапта ұсынылған. Оны өзіңізбен бірге барлық жерде алып жүру ыңғайлы және өте оңай. Ең бастысы, ағаш сөмке функционалды, оны ашып жіберіп, ойын ойнауға болады», — деп келтіреді студенттің сөзін университет баспасөз қызметі.

Оның киіз үй пішініндегі сөмке жасау туралы ұсынысын әлемге әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнын талқылау үшін Парижге шақырған. 2023 жылдың сәуір айында Айнұр Louis Vuitton өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

«Жарнамада Louis Vuitton-ның қазақтың киіз үйіне ұқсайтын дүкен ашқанын көрдім. Бұл мені қызықтырды, мен компанияға хат жазып, киіз үй пішінінде сөмке жасауды ұсындым. Мен өзімнің ұлттық ойындарды дамыту мақсатында «Talapai» жобасын жүзеге асырып жатқанымды, олардың сыртқы қорапшасының пішіні ата-бабаларымыздың көшпелілер мекеніне ұқсайтынын айттым. Мен бұл дизайнды өзім жасап шықтым. Екі аптадан кейін жауап хатта компания менің ұсынысыма қызығушылық танытқанын білдіріп және идеяны одан әрі талқылау үшін мені Парижге шақырды», — дейді қазақстандық.

Айнұр Полатова дизайн мамандығын кәсіби түрде оқымаған. 2023 жылы ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Германияда, Франкфурт Гёте университетінде оқиды.