Қазақстанға киік мүйіздерін халықаралық саудаға шығару рұқсаты берілді

Қазақстанға киік мүйіздерін халықаралық деңгейде саудалауға рұқсат берілді. Бұл шешім сирек жануарлар түрлерін қорғау жөніндегі CITES конвенциясының ғылыми және басқару комитеттері тарапынан жасалған бағалау негізінде қабылданған. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары киік популяциясы тұрақты өсім көрсетіп, бүгінгі таңда олардың саны бірнеше миллион басқа жеткен  деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Рұқсат белгілі бір шектеулер мен қатаң бақылау талаптарын сақтаған жағдайда ғана күшіне енеді. Саудаға тек заңды жолмен алынған, ветеринарлық құжаттары толық рәсімделген мүйіздер ғана шығарылмақ. Сонымен қатар әр партия арнайы таңбаланады және электронды жүйеде қадағаланады.

Экологтар бұл шешім табиғатты пайдаланудағы ашықтықты арттырып, көлеңкелі нарықты қысқарту мақсатында жасалғанын айтады. Алайда олар бақылау механизмдерінің нақты және тиімді болуы маңызды екенін ескертеді.

Қазақстан билігі киік мүйіздерінің экспорты ешқандай жағдайда жануарларға зиян келтірмейтінін, рұқсат тек браконьерлікпен күрес нәтижесінде тәркіленген немесе табиғи жолмен жиналған шикізатқа қатысты екенін хабарлады.

Бұл қадам халықаралық нарықтағы сұранысты заңды арнаға бұрып, мемлекет үшін қосымша табыс көзіне айналуы мүмкін. Дегенмен сарапшылар табиғатты қорғау шараларын одан әрі күшейтудің қажеттілігін атап өтеді.