Қазақтардың өз ана тілін қызғыштай қоритынына сұқтанамын! — қырғыз баласы
Ұлттық ақпарат кеңістігінде қырғыз баласының қазақтардың өз ана тілін сүюі мен аялауына қатысты айтқан пікірі тарады. Бауырлас ұлттың баласы алаш елінің тіл тазалығын сақтауға деген айрықша ықыласына таңданады. Бұл жайлы «Адырна» ұлттық порталы жазды.
«Шынымды айтсам, мен қазақтарға қызығамын. Олар өз тілін құрметтейді, аялайды. Олар қарапайым қолданыста орысша сөздерді аз қолдануға тырысады. Өйткені, олардың тіліндегі орыс сөздердің сауатты аудармалары бар» — дейді.
Кейіннен видео авторы қазақтың ұлттық дүниетанымына сай аударылған «ғарыш», «төлқұжат», «мұрағат», «үнем» секілді сөздерге тоқталады. Қазақ тілін қорғайтын арнайы тіл комитетінің бар екендігін хабарлайды.
Орайы келгенде айта кету керек, ана тіліміздің құнарын байытып, тілімізге жаңа «балмұздақ», «аялдама», «жанкүйер», «баспана» сынды теңдессіз сөздерді қосқан ғалымды бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол қазақтың іргелі ғалымы Ісләм Жарылғапов еді.
Қырғыз перзентінің бейнедерегіне қатысты пікір білдіріп жатқандардың қарасы қалың. Оқырмандар бұған қатысты:
«Біреудікі біреуге қыздай» дегендей болды ғой. Біз де жетісіп отырмағандықтан арамызда тіл үшін күрес жүріп жатыр, айналайын. Дегенмен, кіп-кішкентай болып тілің үшін ойланып-толғанғаның жақсы екен! Азаматсың!», «Бішкекке бардым. Автобустағылар қазақ екенімді біліп, жапа-тармағай танысып жатыр. “Сіздерде орысша сөйлеген адамды жақтырмайды екен. Ұйғырлардың тойына бардым, Ұйғыр балалардың өзі қазақша сөйлеп жүрді” деді бір қараторы әйел. Сіз қай Қазақстанды айтып тұрсыз дедім. Үндемеді…», «Түптің түбінде, бәрібір Қазақ тілі — әлем тіліне айналады! Қазақ тілін ешкім бүкпелей алмайды! Алланың тілі — Араб болса, Тәңірдің тілі — Қазақ!», «Бізде әлі күрес жүріп жатыр тіл үшін. Билік қанша рет тілімізді орысқа жығып беріп жатыр. Сондада әлі үміт бар. Күрес жалғасуда. Түбі жеңерміз деп үміттенем» деп жазды.