Кеше «Аялаған Астана» гала-концерті астаналықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Кеше «Аялаған Астана» галаконцерті астаналықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Елордада Астана күніне орай, жас дарындардың қатысуымен «Аялаған Астана» дәстүрлі гала-концерті өтті. Кешке, ашық аспан астында, Есіл өзенінің жағалауында орналасқан амфитеатрдың сахнасында ән шырқаған өнерпаздар қалалықтар мен қала қонақтарының көңілін марқайтып тастады.

Аталған гала-концерт – жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан іс-шара, онда жас орындаушылар әйгілі әртістермен дуэт орындап, сахна өнерін меңгереді.

Кешегі фестивальде жас жұлдыздар, халықаралық, республикалық және өңірлік байқаулардың жеңімпаздары көрермен алдында өнер көрсетті. Олардың ішінде: Нұршат Қосанова, Рамина Сатыбалды, Ерсұлтан Омар, Жасмин Түзелова, Дәмелі Біржанов, Дастан Тұрдалы, Шерхан Арыстан, Нұрмұхамед Жақып және т.б.

Музыкалық бағдарлама барысында жеке-дара ән шырқаған артистер де, сонымен қатар қазақ эстрадасының танымал әншілермен ерекше дуэт орындағандар болды. Тыңдарманның сүйіктісіне айналған белгілі әнші Дастан Оразбеков, Ақтоты Болшева, Қазыбек Құрайыш, AUKA және Мәди Сыздықов жас артистерді қолдап, солармен сахнада бірге шықты.

Атап өту керек, «Аялаған Астана» – дарынды балалар сахна өнерінің барлық құпиясы мен шоу-бизнес негіздерін үйренетін жер, еліміздің жас жұлдыздарының нағыз фабрикасы деуге болады.   

Жоба 2013 жылдан бері Қазақстанға көптеген жұлдыздарды, олардың ішінде Болат Батырбаев, Мұхамедали Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жанель Сәдуақас және басқа да жұлдыздарды танытты. «Аялаған Астана» жобасының жеңімпаздары мен лауреаттары беделді халықаралық фестивальдарда өнер көрсетіп жүр.

 

Гүлжайна Бекмырза

Altyn-Orda.kz