Қонаевта тұратын жас отбасы бір жасар баласына Түркияда шұғыл ота жасату үшін көмек сұрайды
Қонаев қаласында тұратын бір жастағы Арлан Дандыбаевқа шұғыл түрде ота жасату қажет. Наурыз айына дейін бүлдіршіннің бас сүйегіне 11 айлығында қойылған титан пластинасын алып, жүрегіндегі ақауды емдету жоспарланған. Қазіргі таңда ата-анасы бүлдіршіннің Түркиядағы еміне қаражат таппай жан ұшырып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бір жасар Арланға краниостеноз (бас сүйегінің қалыптан тыс, мезгілсіз өсуімен сипатталады — ред. еск.) және жүрек ақауы диагнозы қойылған. Анасы Назым Дандыбаева басына түскен сынақ неден басталғанын баяндап берді.
Айтуынша, жүктілігі қалыпты өткен. Ал баласын босанған кезде бас сүйегі басқаша екені бірден байқалған. Сонымен қатар жүрегінде ақауы бары анықталған.
«Бір айлық шағында балам жөтеле бастады. Ауруханаға апардым. Екі рет қайтарып жіберді. Үшінші рет апарғанымда келесі күні келесіздер, сол кезде стационарға жатқызамыз деп үйге жіберді. Сол түні балам ұйқтап қалды да, мүлде қозғала алмай қалды, қуыршақ сияқты. Тамақ та сұраған жоқ. Түнде шошып, жедел жәрдем шақырдым. Ауруханаға бара жатқан кезде балам демала алмай қалды. Бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Бірнеше күн жатты. Одан шыққан соң неше түрлі жерге емдетуге апардым. Осы уақытқа дейін дәрігерлерге қаратып жатырмын», — дейді Назым Дандыбаева.
Қонаев қаласында нейрохирург дәрігер
жоқ болғандықтан ауруханадағылар Алматыдан маман шақырған.
«Дәрігер баламның диагнозын растамады, «еңбегі жабылмаған, ашық тұр, ондай диагноз емес» деп айтқан соң, сеніп жүре бергем. Сосын баламның одан басқа да ауруы бар екенін байқадық. Сегіз айлығында баланың бас сүйегі ондай болмауы керек деген сұраққа жауап іздей бастадым. Басқа бір алматылық нейрохирургке барып едік, ол кісі міндетті түрде ота жасалуы керек деп айтты. Сол күннен бастап біз аурухана іздедік. Сосын №2 қалалық балалар ауруханасына түстік. Ол жерде бағымызға қарай ресейлік дәрігердің шеберлік сабағына тап болдық. Санкт-Петербургтен дәрігер келген екен. Соған ілініп, 11 айлығында балама ота жасалды. Қайырымдылық қоры бізге ота құнын төлеп берді», — дейді анасы.
Арланның жасы қазір — 1 жас үш ай. Анасының айтуынша, баласы басын көтере алмайды, отырмайды, денесін ұстай алмайды, себебі омыртқасы қисайған.
«Оған да бізге ота жасату қажет. Бірақ бірінші бізге жүрегі мен басын емдетіп алу керек. Наурыздың соңына дейін титан пластинаны алу керек, сол себепті уақыт өте аз», — дейді Назым Дандыбаева. Назымның сөзінше, қазақстандық дәрігерлер жүрегіндегі ақау өздігінен жабылады, отаға шыдас береді деп айтқан. Алайда анасы бұл сөзге сенбейді.
«Басқа дәрігерлерге жіберсем, олар шошып жатыр. Өзі жабылатын ақау емес, міндетті түрде диагностикадан өткізіп, қарап, ота жасау керек дейді. Бірінші рет жүрегіндегі ақауға қарамай тәуекелге барып, отаға алды, баламның жүрегі шыдамады. Ота кезінде баламның басын тез тігіп тастады», — дейді ол.
Арланның анасы қазір бала күтімімен үйде отыр. Әкесінің табысы күнкөріске әрең жететін көрінеді.
«Туғалы бері өмірі үшін күресіп келемін. Балапанымызды дәрігерлерге қаратамыз деп қарызға да кіріп кеттік. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Біз кез келген көмекке ризамыз. Қажетті құжаттарымыз бар. Аналық айқайыма құлақ салыңыздаршы, өтінемін», — дейді Назым Дандыбаева.
Назым Қазақстанда баланың басына қойылатын имплант жоқтығын алға тартып, Түркиядан ота жасайтын клиника іздеп тапқан. Олар ота мен барлық ем-шараға шамамен 47 350 АҚШ доллары кететінін есептеп берген.
«Ота мен диагностика — 39950 доллар, Алматы — Стамбұл бағытына билет — 1400 доллар, қосымша шығындар — реанимация, дәрі-дәрмек, қан талдауы, дәрігердің қосымша тексеруіне шамамен 6000 доллар қажет», — дейді Арланның анасы. Төменде 1 жастағы Арланның еміне және отасына қаржылай көмек беру үшін банк реквизиттері берілген.
Реквизиттер: Kaspi gold картасының нөмірі: 4400 4302 9242 0830
Телефон бойынша: 8 776 006 2321 (Daniyar Dandybayev — әкесі)
Халық банк картасының нөмірі: 4405 6397 0006 8438 Saira Lakpayeva (әжесі)
Bereke банк (Сбербанк Қазақстан) картасының нөмірі: 4402 5600 0318 5815 AYAULYM NUSSIPKHAN (әпкесі)