Құлсарының бес мың тұрғыны Маңғыстау облысына эвакуацияланды (видео)

Құлсары қаласынан Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына бес мыңға жуық жергілікті тұрғын эвакуацияланды, оның 214-і – балалар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Эвакуацияланған құлсарылықтар алты уақытша эвакуациялау орталығына орналасқан.

Маңғыстауда апатқа ұшыраған қазақстандықтарды қабылдау үшін барлығы 83 мың адамға есептелген екі жүзден астам эвакуациялық пункттер құрылды.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақтағы жағдайдың өте күрделі екенін мәлімдеген. Құлсарының бірнеше ауданын су басты. Қазірдің өзінде 2500-ден астам үйді су басқан.

Айта кетейік, 5 сәуіргі жағдай бойынша 9 өңірде су тасқыны қаупі әлі сейілмеген. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау облыстарында төтенше жағдай жарияланған. Бұл жөнінде үкімет хабарламасында айтылған. Су тасқыны басталғалы бері тасқын аймағынан 19 мыңнан астам адам эвакуацияланған.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында 2024 жылы 1 сәуірде су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Тиісті шешімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев қол қойды. Ресейден бастау алатын бес трансшекаралық өзенде су деңгейі көтерілген. Соның салдарынан Қазталов және Жанғалы аудандарына құятын Қараөзен мен Сарыөзен өзендерінің су деңгейі көтеріледі. Қазір бұл аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.