Қырғызстанда тағы да алапат сел жүрді (видео)

23 шілде күні Қырғызстанның Жалал-Абад облысына қарасты Арстанбап ауылында қатты сел жүрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су тасқыны салдарынан бір аурухана, сауда үйі, бес көпір зақымданып, 23 автокөлікті су шайып кеткен.

Толассыз жауған жаңбырдан кейін ауылға үлкен су ағыны түскен.

Министрлік құтқарушылардың селдің зардаптарын жоюмен айналысып жатқанын атап өтті.

Еске салайық, Ош қаласында 14 шілдеде сел болды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, «Мол-Бұлақ» демалыс аймағында ана мен үш қызын сел алып кеткен. Табиғи апат салдарынан құтқарушылар Озгур ауылындағы «Бөрүбай-Ата» демалыс аймағынан 500-ден астам адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Қырғызстан министрлер кабинетінің мәліметінше, 20 сәуір мен 1 шілде аралығында республика бойынша 230-дан астам сел оқиғасы тіркелген. Көктем басталғалы Қырғызстанда сел салдарынан ондаған адам қаза тапты.