«Қырғызстандағы саяси дүрбелең: экс-арнайы қызмет басшысы Ташиев сотталды».

Қырғызстанда бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевке қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты
Бішкектің Первомай аудандық соты «75-тің хаты» деп аталған іс бойынша барлық фигуранттарды кінәлі деп таныды.
Сот оларды «билікті күшпен басып алу» бабы бойынша айыпты деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылданды.
Алайда сот тағайындалған түрме жазасын үш жылдық пробациялық бақылауға ауыстырды. Яғни Ташиев пен басқа сотталғандар колонияда жазасын өтемейді, бірақ пробация органдарының бақылауында болады.
Іс бойынша Камчыбек Ташиевтен бөлек, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен саясаткерлер де сотталды. Олардың қатарында Жогорку Кенештің бұрынғы спикері Нурланбек Тургунбек уулу, бұрынғы депутат Курманкул Зулушев және тағы бірнеше қоғам қайраткері бар.
Тергеу нұсқасы бойынша, «75-тің хаты» жай ғана саяси үндеу емес, елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және билікті ауыстыруға бағытталған әрекеттің бір бөлігі ретінде қарастырылған. Бұл хатта мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы талап айтылған.
Камчыбек Ташиевтің адвокаты сот үкімімен келіспейтінін және оны жоғары инстанцияға шағымданатынын мәлімдеді. Бұған дейін мемлекеттік айыптау фигуранттарға тоғыз жыл түрме жазасын сұраған еді.
Айта кетейік, Камчыбек Ташиев Қырғызстандағы ең ықпалды саясаткерлердің бірі саналған. Ол 2020 жылдан бері ҰҚМК басшысы қызметін атқарған, ал 2026 жылдың ақпанында бұл қызметтен босатылған.










