Қырымның орнына Түркияны ұсынған. Алматылық депутат кешірім сұрады

Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымындағы «Аманат» партиясынан сайланған депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауды ұсынды. Бұл туралы ол Facebook-тегі Deutsche Welle парақшасындағы жазбаның астына пікір қалдырған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Түркия жақсырақ, Зеленский мырза! Ол жерде жыл бойы жылы», — деп жазған Башинская.

Мақалада Зеленскийдің аннексияланған Қырымды Украинаның бақылауына қайтаруын көздейтін қарсы шабуылды жоспарлап отырғаны айтылған. Зеленский сұхбатында Украинаның табысы негізінен Батыстың Киевке қару-жарақ жеткізуді жалғастыра беруіне байланысты екенін атап өтті.

Пікір білдірушілер Башинскаяның Қазақстан азаматы бола тұра, басқа елдің президентіне ұсыныс жасағанына таң қалған.

Анна Башинская Facebook парақшасында жазған пікірі үшін өкінетінін айтып, кешірім сұрады.

“Мен Түркия туралы жазғанда оны мүлде айтқым келген жоқ. Мен түрік бауырларымыздан кешірім сұраймын.Украина мен Ресейге бейбітшілк тілеймін. Бұл жағдайға пікір білдіруге менің құқығым жоқ, меніз өз елім бар, мен депутат ретінде ең алдымен елдің қамын ойлауым керек”,- деп жазды ол Facebook парақшасына.

Сондай-ақ, ол Deutsche Welle парақшасындағы жазбаның астына қалдырған пікірін өшіріп тастады.