«Қытайға ет экспорттау мақсатында баққан»: Шымкентте 100-ден аса есек ұстап отырған қожалық иесіне айыппұл салынды

Әлеуметтік желіде әлдебіреу Шымкент маңында бір үйір есекті «еті үшін бағып отыр» деген ақпарат тарады. Бейнежазба авторы сойылған жануардың қалдығы жатқан жерді де көрсеткен. Бұл жайтты арнайы комиссия барып тексеріп, 106 бас есек және 36 бас ұсақ мал ұстап отырған шаруа қожалығын анықтады, деп хабарлайды   Altyn-orda.kz           KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасай отырып . 

Telegram-дағы egov.press арнасында пайда болған ақпаратқа қатысты 13 мамырда Шымкентте тексеріс жұмысы жүргізілген.

«Құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Шымкент қаласы «Ветеринариялық станция» кәсіпорны және Тұран ауданының учаскелік полиция қызметкері бар комиссия тіркелмеген шаруа қожалығы 104 бас есек пен 36 бас ұсақ мал (иесінің айтуы бойынша) ұстап отырғаны анықталды», — дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі.

Ал оқиға орнындағы жануар қалдығын кәсіпкер 12 мамырда үш-төрт өлген есекті сойып, шаруашылықтың ауласына көмгенімен түсіндірген. «Сойылған есектердің етін сату фактісі анықталған жоқ. Есек иесінің айтуынша, ол жануарды Қытайға ет экспорттау мақсатында өсірген», — делінген хабарламада. Басқармадағылар есек баққан кәсіпкер айыппұл арқалайтынын айтты. «Қалалық полиция департаменті шаруа қожалығының иесіне Шымкент қаласының аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес айыппұл салынды», — делінген хабарламада.

 

 

 

Есек. Көрнекі фото: pixabay.com