Қызылорда облысында лауазымды тұлғалар 200 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Қызылорда облыстық прокуратурасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Прокурорлар бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз аудару фактілерін анықтаған. Сонымен қатар жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкере болған.   Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінен келтірілген шығынның жалпы 200 млн теңге деп бағаланып отыр.

«Бұл дерек бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Айта кетейік, бұған дейін прокурорлар сол аудандағы мектептердің есепшілері мектептерде жұмыс істемейтін тұлғалардың есеп шоттарына заңсыз ақша аударып, жымқырғанын анықтаған болатын. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберіліп, кейбіріне қатысты айыптау үкімі шығарылған», — делінген хабарламада.

kaz.nur.kz