«Қызым жауапқа тартылсын». Қатарласын соққыға жыққан Талдықорғандық бойжеткен кешірім сұрады

Талдықорғандағы төбелесте қатарластарынан жәбір көрген Мәдина мен оны қатігездікпен ұрып-соққан Айсұлу болған жағдайды бүкпесіз баяндады. Бұзақылықпен көзге түскен жасөспірімдердің кешірім сұраумен құтылмайтыны анық. Жәбірленуші тарап қыздардың заң алдында қатаң түрде жауапкершілікке тартылуын сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап.

Жәбірленуші Мәдина төбелестен кейін полиция қызметкерлерін өзі шақырып, көмек сұраған.

Айсұлудың айтуынша, Мәдина полицияға пәтердегі екі жігіттің өзін зорламақ болғанын айтып, көмектесуін өтінген. Алайда Айсұлу бұл туралы Мәдинаның өзінен сұрағанда ол мұны жоққа шығарған. Кейін полиция қызметкерлері Мәдинаны пәтерден алып кетіп, үйіне жеткізіп тастаған. 

Ауруханада ем алып жатқан Мәдина төбелестің неден басталғанын айтып берді.

“Маған “Ермектің телефонын ұрлады” (Ортақ таныстары – авт.) деп жала жапты. Төбелес содан басталды. Шынымды айтсам, мен оның телефонын мүлде көрмедім. Төбелес болған күні пәтерде мені ұрып жатқанда телефонға түсіріп тұрған 2003 жылғы Ермек деген жігіт болды. 2004 жылғы Орынбасар Жансая, 2008 жылғы Нұржанқызы Мейрамгүл, 2005 жылғы Төкен Айсұлу және мен болдым. Пәтердің иесі, менің досым Берік шығып кеткен болатын. Ол пәтерде болған жоқ”, – дейді Мәдина.

Сондай-ақ, ол полиция қызметкерлерін шақырғанын мойындағанымен, оларға оқиғаның мән-жайын айтпаған. 

“Бұл істі жылы жауып қояйын деп ойладым. Үйге келген кезде полиция қызметкерлеріне де, үйдегілерге де “мені ұрып-соқты, оны видоға түсірді” деп айтқан жоқпын. Мұның барлығын тыныш шешкім келді. Бәрібір беткөрісетін адам болған соң олар туралы тіс жармадым. Төбелес болған күні полиция мені пәтерден алып шықты. Үйге жеткен соң апам бас тарту парағын толтырды. Себебі ол ештеңеден бейхабар еді. Төбелес туралы білгенде мұны жайдан-жай қалдырмас еді. Келесі күні полиция қызметкерлері келіп видеоның тарап кеткенін айтты. Видеоны қыздардың өздері таратып, мәселе туғызып отыр”, – деді жәбірленуші.

Сарапшыладың “Неге жәбірленушіні сондай өшпенділікпен ұрып-соқтың?” деген сұрағына Айсұлу: “Мен осы уақытқа дейін олардың мені мазақ қылғанын көтеріп келдім”, – деп жауап берді. Оның анасы Қарлығаш Қабдолдаева Айсұлудың қандай жауапқа тартылғанын айтты.

“Сот отырысында 127-бапқа сәйкес 69 мың теңге айыппұл төледік. Екінші сот бізде әлі болған жоқ. Қыздардың оқудан шығып кеткені туралы ақпарат жалған. Қызымды колледждің 3 айлық мерзімді тіркеуіне қойды. Оқу орнындағы мұғалімдерді де жұмыстан шығарған жоқ, олар сөгіс алды. Қызымның әрекетін ақтай алмаймын, дұрыс емес екенін білемін. Өз ісі үшін қызым жауапқа тартылсын. Алдағы уақытта тәрбиесімен айналысамын”, –деді Қарлығаш Қабдолдаева.

Айсұлудың анасы мұнда өзінің де кінәсі барын жасырмады.

“Бұл жерде менің де кінәм бар. Денсаулығыма байланысты қызымның тәрбиесіне көңіл беле алмадым. Оның үстіне тұрмысқа шығып, ажырасқан кезінде аяғы ауыр еді. Баласын алдыртқан соң Айсұлу психологиялық жарақат алды. Күйзеліске түсті. Сол себепті оған түсіністікпен қарап, қатты сөйлемеуге тырыстым. Соңы осындай жағдайға әкелді. Ортасын дұрыс таңдай алмады. Жанындағы қыздармен Жаңа жылда танысқан көрінеді”, –дейді Қарлығаш.

Жасөспірім қыздар арасындағы төбелеске қатысты Талдықорған қаласының полиция басқармасы да пікір білдірді.

“9 қаңтар күні әлеуметтік желіде Самал ықшам ауданындағы пәтерде үш қыздың бір қызға жабылып жатқан видеосы тарады. Үш ата-анаға байланысты Талдықорған қалалық әкімшілік сотында процесстер жүріп жатыр. Үш ата-анаға да ӘҚБтК-тің 127-бабына сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Видеоға түсірген жігітті анықтадық. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Пәтерді кәмелеттік жасқа толмаған қыздарға табыстаған жігіттің де құжаттары жиналып, салық органдарына жібердік”, – деді Марат Күштібаев. 

Бағдарлама соңында жүргізуші Айсұлуға ұрлық та, өзіне айтылған былапыт сөз де Мәдинаға көрсетілген зәбірді ақтай алмайтынын түсіндірді. Айсұлу да өзінің қателігін түсініп, Мәдинадан көпшіліктің көзінше кешірім сұрады. Алайда, жәбірленушінің әжесі қыздардың істегендері үшін жауапкершілік алып, қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Бұған дейін қыздар арасындағы жағажыртысқа не себеп болғанын жазған болатынбыз.