Меккеде алғашқы қазақстандық жұп некесін қиды (ВИДЕО)

Қазақстан азаматтары Ағлан Ақпан мен Аэлита Меккеге барып, некелескен. Олар қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

«12.02.23. Алланың қалауымен некемізді Қасиетті Меккеде қидық», — деп жазды Ағлан Ақпан мен жұбайы Аэлита Instagram-дағы парақшасында.

Күйеужігіт Ағлан неке рәсімін үнемі шет елде өткізсем деп армандаған. Бірақ дәл Алланың үйінде, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) тікелей ұрпақтары некемізді қияды деп ешқашан ойламағанын айтады. Ең қызығы екі жастың некесін Сауд Арабиясының лауазымды шейхтары кескен. Ағлан мен Аэлита — Меккеде некесін қиған алғашқы Қазақстан жұбы.

«Қасиетті Мекке қаласында бәрі Алланың қалауымен болады, яғни бұл — бізге жазылған тағдыр. Бұл біз үшін ең қуанышты күн, естен кетпес сәт, бізге тарих болып қалды. Ең қызығы — некемізді осы елдің лауазымды шейхтары кесті. Олар үшінде бұл бір жаңалық болды. Бұрын соңды болмаған жағдай. Алла тағала бұндай бақытты көптің біріне бұйрмайды, бірақ Аллаға шукір, біз өз елімізден бірінші болып, дәл осы Алланың үйінде, пайғамбар ұрпақтарының келісімімен некемізді қидық. Осы қасиетті кісілерден бата алдық. Ол кісілер бізге деген құрметін көрсетіп, маған озінің куфиясын кигізді (шейхтардын бас киімі). Аллам мені солардың дәрежесіне жеткізсін», — деп жазды күйеужігіт.

Желі қолданушылары екі жастың мұндай қуанышына ортақтасып жатыр. Кейбірі «Басталды» деп бұдан кейін де Меккеде неке қидыру қазақстандықтар арасында сәнге айналуы мүмкін екенін болжады. 

Ағлан Ақпан отандастарына «Жұғысты болсын!» деп тәлек білдірді.

«Бастамамыз осындай жақсы болғандықтан, Алла бізге жар болып шанырағымыз биік, босағамыз кең, махаббатымыз мәңгілік және салихалы ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп етсін. Алла бізді сүйген құлдарының қатарынан етсін. Сіздерге де жұғысты болсын»,- деді күйеужігіт Ағлан Ақпан.

 
ТегтерМеккенеке