“Михаилдің Олимпиада чемпионы болатынын ешкім күтпеді” — Ресейлік әлем чемпионы Шайдоровты сынға алды

Мұздағы биден екі дүркін әлем чемпионы ресейлік Максим Ставиский мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты сынға алды. Бұл туралы Altyn-orda.kz  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып  хабарлайды.

Оның айтуынша, Михаилдің сырғанау техникасы әлсіздеу және ешкім оны Олимпиада чемпионы болады деп күтпеген.

“Ешкім Михаил Шайдоровтың Олимпиада чемпионы болатынын күткен жоқ. Ол сырғанау техникасы жағынан әлсіздеу. Бірақ басқалары алтын алатындай деңгейде секіре алмады. Ал ол сәтті секіріп, жеңіске жетті. Бұл өте өкінішті. Себебі Адам Сяо Хим Фа, Илья Малинин және Юма Кагиямалардың өнері маған өте ұнайды. Бірақ Олимпиадада күйзеліс пен моральдық қысым қатты әсер етті”, – деді ол.

Айта кетейік, Италияда өткен Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарламада сәтті өнер көрсеткен қазақстандық Михаил топ жарып, Олимпиада чемпионы атанды. Осылайша, 32 жылдан кейін Қазақстан қоржынына тарихи алтын жүлде түсті.

Ал күміс жүлде Олимпиада ойындарының 4 дүркін күміс жүлдегері Жапон елінің өкілі Юма Кагиямаға бұйырды. Ал үздік үштікті тағы бір жапондық Сюн Сатоға бұйырды.