«Министрлер мен әкімдердің жұмысы есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенуі керек» — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталамыз. Алда тұрған басты міндеттерді айқындаймыз. Қордаланған мәселелер аз емес.

11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент сайлау алдындағы бағдарламаны іске асырудың жоспары қалай іске асуы керектегіне тоқталды.

«Сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір минисрдің, әкімнің жұмысы статискамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.