АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарСаясат

Моңғолия басшысы президенттік өкілеттігін тапсыруға дайын екенін айтты

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх қызметінен кетуге шешім қабылдағанын жариялады. Мемлекет басшысы бұл туралы 17 қарашада жасаған мәлімдемесінде айтып, өзіне қатысты айтылған айыптаулар бойынша тергеу жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Бұл шешім елдегі саяси ахуал шиеленісіп, оппозиция президенттің отставкаға кетуін талап еткен тұста қабылданды, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.

Хүрэлсүхтің айтуынша, соңғы уақытта оның ар-намысына нұқсан келтіретін мәлімдемелер мен айыптаулар көбейген. Президент өзіне тағылған кінәларды мойындамайтынын және шындықтың анықталғанын қалайтынын мәлімдеді.

«Мен президенттік өкілеттігімді тапсырамын. Ар-намысым мен абыройымды қалпына келтіру үшін тиісті органдарға жүгінемін», – деді ол.

Президенттің отставкаға кетуіне қатысты мәлімдемесіне Моңғолия парламентіндегі Демократиялық партия фракциясының талабы түрткі болған. Оппозиция өкілдері жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық күдіктерін тексеруді талап етіп отыр.

Әсіресе, 2019 жылы Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржол құрылысына қатысты келісімшарт төңірегіндегі дау қоғам назарын аударды. Оппозиция өкілдері сол кездегі үкімет басшысы болған Хүрэлсүхке 25 миллион доллар көлемінде пайда түсуі мүмкін деген айыптаулар айтқан. Алайда бұл әзірге дәлелденген факт емес. Аталған келісімшартқа қатысты компания да пара берді деген айыпты жоққа шығарды. Президент те заңсыз әрекетке барғанын мойындамайды.

Айта кетейік, Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылы Моңғолия президенті болып сайланған. Бұған дейін елдің премьер-министрі қызметін атқарған.

Дегенмен президенттің мәлімдемесі оның өкілеттігі бірден тоқтайды дегенді білдірмейді. Отставка заңды күшіне енуі үшін оны Моңғолияның Мемлекеттік Ұлы Хуралы (парламенті) қабылдауы қажет.

 

Осылайша, Моңғолияда соңғы уақытта үкімет құрамындағы өзгерістер мен саяси тартыстар аясында тағы бір маңызды саяси оқиға орын алды.