Мұнда қарапайым мектепте оқиды – министр Саясат Нұрбек балалары туралы сұраққа жауап берді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек балаларының Қазақстанға оралғанын және олардың қарапайым мектепте оқитынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

«Олар қазір Қазақстанға келді. Елде қарапайым мектепте оқиды. Құжаттарды тапсырамыз, түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз», – деді министр Ақорда кулуарында. 

Айта кетсек, министр бұған дейін Кипрде оқитын балаларын 2022 жылдың 26 маусымда Қазақстандағы мектепке қайтаратынын мәлімдеген. Тіпті журналистерге фотомен есеп беруге де уәде берген еді. Ал 13 қыркүйекте үкімет кулуарында журналистер осы жөнінде сұрағанда Саясат Нұрбек жеке мәселесіне араласпауын айтып, сұраққа жауап бергісі келмеген. 

“Бұл сұрақтың жауабына осы жерден нүкте қояйық. Мен уәде еткендей, балаларымды жазда Кипрден қайтарған болатынмын. Олар төрт жыл бойы шетелде, яғни Солтүстік Кипрдегі британдық жекеменшік мектепте оқыды. Тексеріп көрсеңіздер болады. Ол жерде білім өте сапалы. Сондай-ақ біздің елдегі жекеменшік мектептерге қарағанда оқу ақысы төмен.

Елге келгеннен кейін балаларыммен отырып сөйлестім. Олар қазір есейіп қалды, өздігімен шешім қабылдай алады. Шетелдік мектептер сол жағынан жақсы, өздігімен шешім қабылдауға, критикалық ойлауға үйретеді. Олар өз шешімін жасады. Оқуды Кипрде жалғастыруды жөн көрді. Балаларымның таңдауы мен құқығын құрметтеп, олардың шешімімен келістім. Қазір бүкіл күшімді министрліктің дамуына жұмсап жүрмін», – деді министр.