Мыңнан аса отбасыға қайырымдылық жасалды

Бүгін шуақты көктемнің бастауы «Наурыз» мейрамына орай, астаналық мыңнан аса отбасыға азық-түлік себеті тегін таратылды. Астана қаласының әкімдігі мен Qazaq oil брендімен танымал «Petro Retail» компаниясының демеушілік жасауымен, халықтың әлеуметтік аз қамтылған санатына қайырымдылық ретінде осындай сый жасалды, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz 

  Бүгін Рамазан айымен тұспа-тұс келген үлкен қайырымдылық науқаны жол тауып жатыр. Былтыр қалалық әкімдік көмекке мұқтаж, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмек көрсету мақсатымен Qazaq oil компаниясымен меморандумға қол қойған болатын. Бұл – былтырдан бері өткізіліп жатқан осымен бесінші қайырымдылық науқаны. Соның аясында 1 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеттері жеткізіледі», ‒ дейді Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.  

          Оның айтуынша, қораптың ішінде тұрмысқа қажетті бірінші орындағы тауарлар бар: ұн, күнбағыс майы, макарондық өнімдер, қарақұмық, күріш, қант, сүт, тәттілер және химиялық тауарлар. Бір себеттің салмағы шамамен 45 килограмм. Яғни, мыңнан астам отбасыға 45 тоннадан аса себетті таратыла бастады. Қайырымдылық қораптары көп балалы және толық емес отбасыларға, асыраушысыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше бала тәрбиелеп отырған азаматтарға жеткізілмек.

      Биыл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қазақстандықтар үшін ерекше аталып өтіп жатыр. 14 мен 23 наурыз аралығында «Наурызнама» декадасы тойланатын болады. Кешегі 14 наурыз амал мерекесінен бастау алса, бүгін міне 15 наурызға қайырымдылық істері толық бекітілген. Qazaq oil компаниясы демеушілік жасау арқылы әлеуметтік жауапкершілігін көрсетуде. Басқа да меценаттарды, бизнес өкілдерін осылай қайырымдылық акцияларына қатысуға шақырамыз, ‒ деп атап өтті.  

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әкімдік пен аталған компания 2023 жылдан бері еліміздегі маңызды күндерде – Құрбан айт, Жаңа жыл, қала күні мерекелерінде де осындай акциялар ұйымдастырып келген. Бұл акциялар жыл соңына дейін жалғаса бермек және сол аралықта 4 мыңнан аса отбасы керек-жарақтармен қамтылатын болады.  

Qazaq oil компаниясының маркетинг бөлімінің бас менеджері Нұрсыйла Күншығарова да өзге компаниялар осындай игі іске атсалысса, нұр үстіне нұр болатынын алға тартты.

Qazaq oil компаниясы әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, екінші жыл бойы әкімдікпен бірлесіп, 5 мыңнан аса отбасыға көмек көрсетті. Осы игі істі болашақта басқа да жеке компаниялар қолға алып, Қазақстан халқы алдындағы жауапкершілікті түсіне отырып, изгілікке бастайтын науқандарға атсалысса деген ниетіміз бар. Бұл іс-шара «Наурызнама» және қайырымдылық күні аясында өткізіліп жатыр. Мұнымен ғана тоқтап қоймай, осы жыл бойы әрі келесі жылы да жалғасатын болады, ‒ дейді ол.  

Жақсылық жасауға әрбір саналы адам ұмтылатыны белгілі. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде астаналық еріктілерді мысалға келтіруге болатын шығар. Мәселен, күш біріктіріп, бүгінгі іс-шараға тегіннен-тегін, өз еркімен келіп көмектесіп жүрген жандар да болды.  

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтеры  Әлфараби Нұркенұлы еріктілер жиналып, әр үйге апаратын қораптарды қаптауға, жинастыруға көмектесіп, оларды тізімде жазылған мекен-жайларға жеткізіп беру жұмыстарын білек сыбана атқарып жатқанын айтады.

Өз еркімен қаладағы бес аудан бойынша тегін апарып беріп жүр. Науқанға жаяу жүргіншілер ғана емес, өз көлігімен келген автоволонтерлер де қатысып жүр, ‒ дейді ерікті Әлфараби Нұркенұлы.

 

Мейрам Болатханов