АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарСпорт

Назым Қызайбай арманына жетті: чемпион өз бокс залын ашты

Фото: ҰОК

Қазақстандық танымал боксшы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай көптен бергі арманын жүзеге асырып, өзінің жеке бокс залын ашты. Енді мұнда балалар мен ересектер, ерлер мен әйелдер бокс өнерін меңгере алады деп хабарлайды Altyn-orda.kz 

Спортшы қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, жеке зал ашу көп жылдан бері көкейінде жүрген мақсаттарының бірі болған. Бұл бастаманы жүзеге асыруға қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.

Әзірге залдың ресми ашылу салтанаты өтпегенімен, жаттығу жұмыстары басталып кеткен. Қазіргі уақытта түрлі жас санаттарына арналған топтарға қабылдау жүріп жатыр. Сабақты спорт шебері атанған Назымның екі жақын құрбысы жүргізеді.

«Өз залымды ашуды көп жылдан бері армандадым. Маған көмектесіп, қолдау көрсеткен жандар болды. Қазір залымыз жұмыс істеп жатыр. Бокс үйренгісі келетіндердің барлығын шақырамын», – деді спортшы.

Айта кетейік, Назым Қызайбай – Қазақстан әйелдер боксының ең табысты өкілдерінің бірі. Ол 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанып, үш дүркін әлем чемпионы деген атаққа ие болды. Сондай-ақ Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Бұған дейін боксшы өзінің жеке залын ашу үшін Олимпиададан кейін сыйға берілген автокөлігін сатуды да жоспарлаған болатын.

Енді чемпионның арманы орындалып, жеке бокс залы жас спортшылар мен боксқа қызығатын жандар үшін жаңа мүмкіндікке айналмақ.