«Он жасар қыз жүкті болып қалған»: Мамандар елімізде ерте жүкті болатын жастар қатары күрт өскенін айтты

Еліміздегі тағы бір өзекті мәселе — ерте жүктілік және жасанды түсік. Жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік көрсеткіші Еуропамен салыстырғанда Қазақстанда 3-4 есе артық. Ал жасөспірімдер арасындағы бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Мамандар бұл келеңсіз жайттың алдын алу үшін балаларға жыныстық тәрбиені 12 жастан бастап жүйелі, сауатты түрде жүргізу керектігін айтады. Төрт айға дейін құрсаққа біткен бейкүнә сәбиден құтылатындар қазір көп.

18 жастағы Мереке де алданып қалғандардың бірі. Аяғының ауыр екенін кеш білген. Жүктілігін естіген соң жігіті тастап кетіпті. Бұл жас қыз үшін ауыр соққы болған. «Басында кездесіп жүрдік. Мен келістім. Одан соң үйленетінін айтты. Аяғым ауыр екенін 5 айға дейін білген жоқпын», — дейді ол. Жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.

Одан кейін Маңғыстау және Жамбыл облысы. Ал ең төменгі көрсеткіш — Астана мен Алматы қалаларында. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, былтыр ерте жүктілік бойынша 8 жағдай тіркелген. Жасына жетпей бала көтеріп қалғандар оны алдыру үшін жеке клиникаларды жағалайды. «Жамбыл облысы бойынша жасөспірімдердің арасында ерте жүктілік жиі кездеседі.

Ағымдағы жылдың 10 айында 249 жасөспірімдер арасында ерте жүктілік орын алды. Оның ішінде студенттер де, мектеп оқушылары да бар», — дейді облыстық ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақерке Тоқбергенова. Гинекологтардың айтуынша, түсік жасатуға ата-ана алдындағы қорқыныш себеп болуы мүмкін дейді. Сондықтын ерте жүктілікті болдырмаудың жолдарын іздеу керектігін айтады.

«Ерте жүкті болып қалатын жасөспірім қыздардың жыныстық қарым-қатынас жайлы білімдері өте таяз. Олар жүктіліктен сақтану туралы мүлде білмейді. Қазір республика бойынша Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Тіпті, 10 жастағы қыздардың жүктілік жағдайлары бар», — дейді Денсаулық сақтау министрлігі штаттан тыс балалар бас гинекологы Елена Лущаева. Мамандардың айтуынша, кәмелет жасқа жетпеген қыздардың жүктілігі тек денсаулыққа зиянын тигізіп қоймай, психологиялық түрлі дерттерге де шалдықтырады.

kaz.nur.kz

 

Тегтержүктілік