«Өртті өзім сөндіруге тырыстым»: Шымкентте жалғызбасты ана алты баласымен баспанасыз далада қалған
Шымкентте өрт салдарынан баспанасы жанып кеткен жалғызбасты ана алты баласымен далада қалған. Жұмыссыз ананың балаларының бірі ауыр науқасқа шалдыққан. Ал жұбайы алтауымен қоса тастап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап.
Жалғызбасты ана Назира Дүйсенбаева шамасы жеткенше баспанасын жалыннан өз бетінше құтқарғысы келгенін айтады. Дегенмен төсек-орын, ыдыс-аяқ, үстелден басқасының бәрі жанып кеткен.
«Таңғы алтылар шамасында шатыр жанып жатты. Көре сала өртті өз күшіммен сөндіруге кірістім. Әлімнің жетпейтінін түсінгесін балаларды алып көшеге жүгірдім. Барлығы түтінге оранған. Оларды көрпеге орап, көршіге апардым»,- дейді Назира.
Қазір әйел «Қайнар-Бұлақ» тұрғын үй аумағындағы шағын үйді жалға алған.Жұмыс істемейді, балалары мен ауыр науқасқа шалдыққан баласының күтімін жасайды. Алты баланың әкесі отбасын тастап кеткен. Қазір Назира жәрдемақыға өмір сүруде. Дегенмен қаражат жаңа баспана түгілі өз үйін қалпына келтіруге жетпейді екен.
«Өрт сөндірушілер таңғы сағат жетіде келіп, жалынның бетін қайтарды. Үлкен ұлымның үстіне бір зат құласа керек, күйіп қалыпты. Өрт басталған кезде біз ұйықтап жатқан едік, тіпті түтіннің иісін де сезбедік. Ал бұл пәтерді 15 мың теңгеге жалға алдық. Өзіміз әрең күнкөріп жүргенде пәтер иесі жалға берген үйін өз қаражатымызға жөндеуімізді сұрауда. Біз бес жасар қызымызға ота жасатуды жоспарлап келгенбіз. Енді оған да шама жоқ», — деп қосты ана.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің аға инженері Нұрсұлтан Жорабек алдын ала болжам бойынша, өрт пеш жабдығының ақауынан шыққанын мәлімдеді. Жалынды 15 өрт сөндіруші ауыздықтаған.
Әйелге үйді қалпына келтіру үшін көп уақыт пен қаражат қажет. Ол құрылыс материалдары мен қаражат жинауға көмектесетін мейірімді жандардан үмітті. Назираның есепшоттары бұғатталғандықтан ол көршісінің картасын қолдануда.
Бір күннің ішінде қамқор қазақстандықтар көп балалы анаға 10 миллион теңгеге жуық ақша жинады. Еріктілер, журналистер мен қоғам белсенділері отбасына азық-түлік пен киім-кешекпен көмектесуде.
Көмек беремін деушілерге:
KASPI: 8-702-762-14-57 Альмира С (Назира Дүйсенбаеваның көршісі)