Ресейге жұмыс іздеп кеткен шымкенттік зейнеткер Қазақстанға оралған соң сотталды

фото: aa.com.tr

Шымкенттік 64 жастағы азамат жоғары жалақы табамын деп Ресейге жұмыс іздеп барған. Алайда кейін әскери келісімшартқа қол қойып, Украина аумағындағы қарулы қақтығыс аймағына жіберілген деп хабарлайды stan.kz   сілтеме жасаған  Altyn-Orda.kz

Марат К. 2023 жылы Ресейдің Түмен қаласына барып, бастапқыда дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Кейін жұмыссыз қалып, елге қайтуға да қаражат таппай қиналған. 2024 жылы ол интернеттен жүк көлігі жүргізушісіне арналған жұмыс туралы хабарландыруды көрген. Әңгімелесу кезінде жұмыс беруші Ресей Қорғаныс министрлігі екені белгілі болып, оны әскери комиссариатқа жіберген.

Сол жерде оған әскери билет рәсімдеп, келісімшартқа қол қою ұсынылған. Кейін ол дайындықтан өтіп, әскери киім мен қару алып, Запорожье облысына жіберілген. Құжат бойынша ол әскери бөлімде көздеуші ретінде тіркелгенімен, сотта өзі тек КамАЗ жүргізіп, құрылыс материалдары мен азық-түлік тасымалдағанын айтқан.

Қазақстанға оралғаннан кейін оған қатысты шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оның Ресей әскери бөлімдеріне материалдық-техникалық құралдар жеткізіп, әскери тапсырмаларды орындағанын анықтады.

Алғашқы сот үкімімен ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін апелляциялық сот жазаны шартты жазаға ауыстырды. Қазір ол пробация қызметінің бақылауында.

Бұл оқиға шетелге жұмыс іздеп баратын азаматтарға ескерту болмақ. Қазақстан заңына сәйкес, шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу ауыр қылмыс саналады. Мұндай әрекет үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.