Шымкентте мұғалім сыныптың көзінше оқушының қолына қалам тығып алған

Шымкентте мұғалім мектеп формасын сақтамағаны үшін 5-сынып оқушысының қолына қалам тығып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz басылымына сілтеме жасап. 

Оқиға 30 қарашада №69 орта мектепте болған. Салдарынан оқушының қолы көгеріп қалған. 

Анасының сөзінше, сынып жетекшісінің мұндай әрекетке баруына ұлының көк түсті джинсы киюі себеп болған. Дегенмен суық түскен соң мектеп басшылығы балаларға көк түсті шалбар мен джинсы киюге рұқсат берген екен. 

«Енді баланы мектепке жіберуге қорқамыз. Бұл не сұмдық? Мұғалім мектепке жақында ғана келген. Сынып жетекшісі болды. Баламның айтуынша, ауырғаны сонша, ауру басылғанша бетін басып партада жатқан. Тіпті жылауға да қорыққан. Үйге келіп, ештеңе айтқан жоқ. Ал жеңі қан болып қалғанын көрдім. Көгергенін байқаған соң ғана не болғанын айтты. Ол бала ғой, бар кінәсі үйде берген киімді киіп барғаны. Маған айтуына болар еді», – дейді баланың анасы Жұлдыз. 

Анықталғандай №69 мектеп директоры денсаулық жағдайына байланысты еңбек демалысында. Жағдай туралы Шымкент білім басқармасы да хабардар. Қазір жағдай бақылауда екен.