Тарихи жетістік: қазақстандық оқушылар физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

Олимпиада жеңімпаздары. Фото: “Дарын” РҒПО
Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додасында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Қытай, Ресей, Үндістан, Оңтүстік Корея және Тайвань командаларымен бірге жалпыкомандалық есепте бірінші орынды бөлісті.
Бұл — Қазақстан тарихындағы халықаралық пәндік олимпиадаларда тіркелген ең үздік нәтижелердің бірі.
Жас физиктердің жеңісі олардың терең білімі мен табанды дайындығын ғана емес, қазақстандық оқушылардың әлемдегі ең мықты командалармен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын көрсетті.
Халықаралық физика олимпиадасы 2026 жылғы 5–12 шілде аралығында Колумбияда өтті. Бұл жарыс мектеп оқушылары арасында физика пәні бойынша ұйымдастырылатын әлемдегі ең беделді білім сайыстарының бірі саналады.
Қазақстандық жас ғалымдардың тарихи жеңісі — еліміздің білім саласы үшін үлкен мақтаныш әрі ғылымға қызығатын өскелең ұрпаққа зор мотивация.
- Жеңімпаздар:
- Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
- Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Черемнов Роман – Алматы қаласындағы “Мирас” халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.










