Тоқаев Алматыда автобустағы әйелді пышақ шабуылынан құтқарған жігітті марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі салтанатты жиында биылғы жазда Алматыда автобустағы әйелді пышақ шабуылынан ерлікпен құтқарған жас жігітке сыйлық табыс етті. Салтанатты шараның видеосы БОРТ N1 Telegram арнасында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін, 22 қазанда, Республика күні қарсаңында Астанада еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының марапатына ие болғандардың қатарында Райымбек Медетбек есімді 23 жастағы жас жігіт те бар. Ол биылғы жылдың жазында Алматы қаласындағы автобустардың бірінде бұрынғы күйеуі пышақпен шабуылдаған әйелді құтқарып қалған болатын.