Төреғали Төреәлінің қарындасы мен күйеу баласы африкалықтарға құдық қазып берді
Қазақстандық джитсер Дархан Нортаев пен блогер Фариза Төреәлі суға мұқтаж африка халқына құдық қазып берді. Бұл жөнінде Төреғали Төреәлінің күйеу баласы Дархан өзінің Инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» порталы.
«Бала кезімде әкеммен бірге National Geographic арнасын жиі көретінмін. Сол кезде Африканың табиғатына қызығып және сол жақтағы халыққа көмектескім келетін. Есейген сайын оның бәрі ұмытылып кетті.
4 ай бұрын Меккеге барғанымда, Алла белгі бергендей телефоннан құдық жайлы видео шықты, маған арманымды еске түсіргендей болды. Сол сәтте құдық салып берейік деп шештік. Ал бүгінгі таңда аманатымыз толық жұмысын атқарып, адамдар таза сумен сусындап жатыр», — деп жазды ол.
Ел алдында жүрген сүйкімді жұптың жақсылығына дүйім жұрт қуанып, ақ тілектерін ақтарып жатыр.
Бұған дейін Дархан мен Фариза өз еліміздегі Мадина есімді жалғызбасты анаға үй табыстаған болатын. Ешқандай қор жинамастан, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыға өз қалталарынан баспана сыйлады.
«Адырна» ұлттық порталы