АЛТЫНОРДА
ӘлеуметҚазақстан жаңалықтары

Тұрғындарға медиативтік консультациялар берілді

Тұрғындарға медиативтік консультациялар берілді

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Social project management» орталығы» қоғамдық қоры медиация институтын дәріптеуге арналған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі қаладағы сегіз аудан әкімдіктері жанында  дауларды шешу үшін халыққа тегін білікті медиативтік консультациялар беру. Осы жұмысты атқару мақсатында екі білікті медиатор тартылды. Кәсіби медиатор Мұхтар Адаев солардың бірі. «Медиация тәсілі әлемнің дамыған елдерінде ертеректе қалыптасқан әрі заңдастырылған. Медиацияны Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия, Австрия сынды әлемнің ірі елдері кеңінен қолданып келеді. ТМД елдерінің ішінде медиация туралы заң бізге дейін Молдовада ғана болған» дейді ол. Оның сөзінше алматылықтар медиаторлардың көмегіне әртүрлі сұрақтар бойынша, атап айтқанда отбасылық жанжал, қаржылық дау-дамай, жер дауы мәселелерімен жүгінеді екен.

Жобаға атсалысып жатқан тағы бір медиатор Айнұр Увалиева. Біз одан медиация туралы сұрағымыз келіп жақын тарттық. «Медиация – дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және ерекше іс жүргізу жағдайлары бойынша дауды шешудің мүмкіндігі мол, осы дауға қатысушылардың біріге отырып мәселелерді шешу процессі. Ал, біз, яғни медиатор дегеніміз, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға», деп анықтама берді Айнұр ханым.

Тұрғындарға медиативтік консультациялар берілді

Екі медиатор Алмалы, Алатау, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб, Әуезов, Наурызбай аудандарының жанынан құрылған «Ашық әкімдік» платформасында жергілікті тұрғындардың проблемаларын шешуге медиативтік ақыл-кеңестер ұсынды.

Медиаторлардың сөзінше медиация қазақ халқында ежелден болған.  Ежелден қазақ халқы үшін бітімгершілік пен татулық – бұл билік айтудың ең озық өнегесі болып келеді. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Ал, бүгінгі медиация осы сара жолдың жалғасы іспетті.