Түркиядағы жер сілкінісі: билік зардап шеккендер туралы хабарлады

Батыс Түркияда, Балыкесир провинциясының Сындыргы ауданында магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі болды. Табиғи апаттармен күрес басқармасының (AFAD) мәліметінше, дүмпулер көрші провинцияларда да сезілген, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, үш ғимарат пен бір дүкен қираған. Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлуның мәліметі бойынша, 19 адам жарақат алған — көбінесе дүмпу кезінде ғимараттардан қашып шығу кезінде орын алған . Төрт адам ауруханадан шығарылған, қалғандарының жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Президент Режеп Тайип Ердоған зардап шеккендерге қолдау білдіріп, төтенше қызметтер мен AFAD мамандарының оқиға орнында тексеріс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бірнеше белсенді тектоникалық жарықтар тоғысқан аймақта орналасқан Түркия Еуропадағы ең сейсмикалық қауіпті елдердің бірі болып қала береді. 2023 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін билік құрылыс стандарттарына ерекше назар аударуды күшейткенмен, тұрғын үйлердің осалдығы әлі де өзекті мәселе болып отыр.