Үкім шыққаннан кейін Мәсімов пен Боранбаев қайда екені белгілі болды
Жақында сотталған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот үкімі жарияланғаннан кейін әлі тергеу изоляторында отыр деп хабарлайды altyn-orda.kz
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев хабарлады
Мейрам Аюбаевтың айтуынша, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары ішкі істер, арнайы органдар, құқық қорғау және сот органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған қылмыстық-атқару жүйесінің екі мекемесінің бірінде жазасын өтейтін болады.
Қазақстанда барлығы осындай екі мекеме бар: біреуі (орташа қауіпсіздік) – Өскеменде, екіншісі (ең жоғары қауіпсіздік) – Семейде. Айтпақшы, ҰҚК-де де қызмет еткен Қайрат Сатыбалдыұлы қазір біріншісінде жазасын өтеп жатыр.
Еске салайық, 31 наурызда Астананың Сарыарқа сотында Қайрат Боранбаевқа қатысты үкім шықты.
Кәсіпкер мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
24 сәуірде сот Кәрім Мәсімовке қатысты үкім шығарды.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі орынбасары да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.