“Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды”:Тойды уағызға айналдырған ер адам сынның астында қалды

Жетісайда өткен тойлардың бірінде көпшілік алдына шығып сөз сөйлеген ер адамның әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды
Бүл жағдай туралы әнші Роза Әлқожа өз инстаграм парақшасында бөісіп жазба қалдырған деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Желіде тараған видеода ер адам тойдың өткізілу тәртібін сынап, әйелдер мен ер адамдардың бір жерде араласып отыруына болмайтынын айтады.
«Ұрғашылар мен еркектер бірге отыруға болмайды. Оларды бөлек отырғызу керек», – деген ол той иелеріне өз талабын жеткізген.
Бұдан бөлек, ер адам тойда ән айтатын өнерпаздарды сынап, әншілерге қатысты «шайтанның азаншылары» деген мазмұнда пікір білдірген. Оның қуанышты жиынға келген қонақтарға бата берудің орнына ұзақ уағыз айтуы жұрттың қызу талқысына түсті.
«Әйел адамды бұлай атауға болмайды»
Желі қолданушыларының басым бөлігі ер адамның әйелдерді «ұрғашылар» деп атағанына ашуланды. Пікір қалдырғандар бұл сөздің адамға емес, көбіне жануарларға қатысты қолданылатынын айтып, көпшілік алдында әйелдерді төмендетуге болмайтынын жазды.
Кейбір қолданушылар әр адамның діни ұстанымы өзіне қатысты екенін, оны өзгенің тойында жиналған қауымға мәжбүрлеп таңудың орынсыз екенін атап өтті.
«Бұл той ма, әлде уағыз ба?», «Қуанышқа келген адамдардың көңілін неге бұзады?», «Қазақ әйелін ұрғашы деп атауға қалай дәті барды?», «Өзінің отбасында қалай отырса да еркі, бірақ бүкіл халыққа талап қоя алмайды» деген пікірлер жазылған.
Сонымен бірге ер адамның сөзін қолдағандар да табылды. Олар әйелдер мен ер адамдарды бөлек отырғызу кейбір діни ортада қалыптасқан тәртіп екенін алға тартты. Діни түсіндірмелерде де бөтен әйелдер мен ер адамдарды мүмкіндігінше араластырмай отырғызу ислам әдебіне сай саналатыны айтылады.
Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Сондықтан азаматтардың діни сеніміне құрметпен қараумен бірге, қоғамға белгілі бір діни тәртіпті күштеп енгізуге жол бермеу мәселесі де маңызды.
Той – екі жастың қуанышын бөлісетін, ағайын мен жақындардың басын қосатын мереке. Мұндай ортада ақыл айту мен уағыз жүргізудің де өз орны, әдебі және шегі болуы керек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram










