Жамбыл облысында қонаққа келген қария мас күйде үй иесінің немересін мешітке апарып тастаған

Жамбыл облысы Қаратау қаласында қонақтардың бірі үй иесінің немересін көрпеге орап, мешітке апарып тастаған. Қарияның мұндай қадамға баруына баланың жылауы себеп болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Полиция ақпаратына сәйкес 2023 жылдың 15 қаңтарында әйел полицияға жүгініп, 2 жасар баласының үйден жоғалып кеткенін мәлімдеген. Оның сөзінше, баласын әжесіне қалдырып, дүкенге шығып кеткен. Алайда қайта оралған соң баласын таппай қалған. 

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен (Адам ұрлау) сотқа дейінгі тергеу iсi басталды.

«Хабарлама түскен сәттен біз баланы іздеуге кiрiстiк. Iздестiру шараларына 80 полиция қызметкері, 50-ден астам еріктілер және ауданның қамқор тұрғындары жұмылдырылды. Біз қаланың әр бұрышын аралап, барлық жертөлелер мен үйлердің шатырларын қарадық. Ең басты тiлегiмiз баланы тірі және сау табу болды», – деді Талас аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы полиция капитаны Жанғали Көпжасаров. 

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бала мешіттен табылып, Талас ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Медициналық тексеру барысында баладан ешқандай жарақат анықталмаған. 

Полиция қызметкерлерімен анықтау жұмыстары барысында анасы болмаған кезде таныс әжелер пәтерге келіп, алкоголь ішкенi белгілі болды. Баланың қатты жылағанын естіген қонақтардың бірі қатты мас күйінде оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған.