Жаңаөзен тұрғыны әлеуметтік желі арқылы 12 миллион теңге көлемінде алаяқтықпен ақша тапқаны үшін 5 жылға сотталды

Жаңаөзен қалалық соты әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасаған жергілікті тұрғынға үкім шығарды. Әйел 12 миллион теңгеден астам залал келтірген. Бұл туралы Altyn-orda.kz хабарлайды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, А. есімді сотталушы Instagram желісінде tigin_alemi_ деген парақша жүргізіп, ыдыс-аяқ, кілем, киім, тұрмыстық техника, мата, жиһаз және жасауларды төмен бағамен сатамын деген жалған хабарландырулар жариялап отырған. Оған ақша аударғандар , тауарларын ала алмаған.
Сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған мәлімдемелерімен, жәбірленушілердің куәліктерімен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде оның шын өкінгені жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына (ақпараттық технологияларды пайдалана отырып аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) сәйкес, әйелге бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
