Жетісу облысында балабақша есепшісі 40 миллионға жуық бюджет қаражатын жымқырғаны айтылды

Жетісу облысы, Ақсу ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 40 млн теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Бас прокуратураның мәліметінше, жымқыру фактісі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталған. Онда тиісті жалақы мен нақты төленген қаражат арасында айырмашылық бары байқалған.

Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (аса ірі мөлшерде ұрлау). Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы тексеріп жатыр. Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.