«Жүрген жеріңізде президенттікке лайық емес депсіз»: Қарақат Әбден Салтанат Тұрсынбекованы сексистік көзқарасы үшін айыптады

Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді дағдарыс орталықтарына бірге баруға және мұқтаж әйелдерге көмектесуге шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сексистік көзқарастарды ұстанатындығы туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды.

Сайлауалды теледебат барысында кандидат Қарақат Әбден “Салтанат ханым, мені жүрген жеріңізде сынға алып, президенттікке лайық емес депсіз. Сіз Қажыкен мырзаның артынан еріп, бұл адамның сексист көзқарастарына болысып жүрген сияқты көріндіңіз. Бұл сіздің өмірлік позицияңыз ба?” деген сұрақ қойды. 

«Әйел адамның әйел адамға осындай сұрақ қойғанының өзі біртүрлі болып көрінеді екен. Қарақат ханым, сіз құрт қайнатып, елді аралап қымыз құйып жүріп біздің салт-дәстүрімізге кеңінен үңіліп, аса мән беріп таныспаған секілдісіз. Қазақ халқында ешқашан сексизм болған емес. Егер сіз мені танитын болсаңыз, мен кәсіби заңгермін. Яғни мен біреудің құқығын қорғай алмасам, онда ешқашан ешкімнің құқығын бұзып, қорлай алмаймын. Сексизм түгіл эйджизм мен үшін бұлар өте оғаш ұғымдар. Сондықтан сіздің сөздеріңізді орынсыз деп санаймын», — деді Салтанат Тұрсынбекова.

Үміткер құқық қорғаушы ретінде бүкіл өмірін әйелдерге көмектесумен өткізгенін айтты. Салтанат Тұрсынбекова Қарақат Әбденді дағдарыс орталықтарына бірге барып, мұқтаж аналар мен әйелдерге көмектесуге шақырды.

Айта кетсек, Қазақстан президенттігіне кандидаттардың арасында теледебат өтті. Көрсетілім «Хабар» арнасында тікелей эфирде болып жатыр. Пікірталасқа Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова қатысуда. Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дебатқа қатыспайтыны бұдан бұрын белгілі болған. Оның орнына пікірсайысқа мәжіліс спикері Ерлан Қошанов келген.