Ұлы Абай жөнінде қаншама ғылыми еңбектер, зерттеулер жазылды! Біз үшін ол – даналықтың сарқылмас қайнары іспетті.
Шын хакім, сөзің асыл – баға
жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі
кетпес.
Қарадан хакім болған сендей
жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес! – деп Мағжан ақын айтқандай,
Абай танымы, Абай ілімі туған халқымен бірге жасай берері анық. Осы орайдағы даусыз бір шындық – Абай дүниетанымын әлі толық аша алмай жүргендігіміз. Ал мұның себебі – осы бағыттағы ғылыми ұстанымдар мен көзқарастың, методологияның ұзақ жылдар бойы кеңестік идеология талабына қызмет етіп келгендігінде. Абайтанушы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлының пікірінше, тек ұлттық, шығыстық таныммен қарағанда ғана Абайға жақындай аламыз. Өкінішке қарай, күні кешеге дейінгі бүкіл оқулықтарда бұл жағы ескерілмеді. Абайдың қалыптасу кезеңі баяндалған ғылыми еңбектердің барлығында ақынның сусындаған бұлағы, даналығының көзі ретінде – тек орыс және Батыс әдебиеті, мәдениеті көрсетілді, біз Абайды солар арқылы адам болды, ақын болды деп ұқтық. Ал Абайтану ғылымының бірден-бір негізін салушы Мұхтар Әуезов дейтін болсақ, ғұлама жазушы Абай дүниетанымының үш рухани бұлақтан құралатынын және оның қазақ халқының рухани әлемі мен шығыстың рухани қазынасы және батыстың әдеби әлемі екендігін айтқан. Біз осы арадан шығыс әлемін мүлде жұлып тастадық.
Абайтану ғылымының Әуезов ұсынған бағыттан тайқуына, әрине, сол кездегі кеңестік саясаттың ықпалы болды. Шын негізінде, Абай даналығының бірінші көзі – әжесі Зере арқылы бойына сіңген туған халқының бай ауыз әдебиетінің мұралары, екінші қайнары – «Шығыстың жеті жұлдызы» Физули, Шәмси, Сәйхами, Науаи, Сахди, Фердоуси, Қожа Хафиз жырлары. Үшінші нәрлі арнасы – орыс және Батыс Еуропа классиктерінің еңбектері еді. Осының алғашқы екеуін Абай орыс тілін үйренгенге дейін еркін игерген, қорытқан. Яғни Мекемтас Мырзахметұлының сөзімен айтсақ, «Абай отыз жасқа келгенде өз халқының рухани байлығымен және шығыс әлемімен мықтап қаруланған. Бұл екі бұлақ көзі Абайдың дүниетанымын қалыптастырды. Үшінші бұлақ көзі орыс арқылы жеткен батыстық ілім ортадан қосылады. Рас, ақындығына, өлеңдерінің тақырыбына әсер еткен. Бірақ дүниетанымында үлесі жоқ. Мұның дәлелі Абайдың «толық адам» ілімінде жатыр. Бұл ілімнің батыс әлемімен еш байланысы жоқ. Ислам мен өзіміздің түркі әлемімен біте қайнасқан».
Атақты Гетенің өзі «Шығыстың жеті ақыны бар. Мен оның ең жаманындай да емеспін» деген болса, Абай сол шығыс шайырларының қисса, дастандарынан, солардың данышпандық ой-тұжырымдарынан еркін сусындаған. Бұл ретте М.Әуезов «Абайдың Батысынан Шығысы басым, ол Батысқа барғанда Шығысқа арқа сүйеп, өз ойын сол тұрғыдан айтатын» деген байлам ұсынған және сол үшін қатты сынға ұшыраған. Мекемтас ағаның айтуынша, Абайдың дүниетанымын зерттеймін деген жастар ең алдымен араб, парсы, шағатай тілдерін білгені жөн. «Неге десеңіз, Абай сөздерінде «жантану», «жанның жібіли қуаты» деген терминдер бар. Бүгінде біздің психологтар мен философтар психологияны «жантану» деп аударып жүр. Ол дұрыс емес, – дейді ол. – Психология – логикалық ойлардың заңдары туралы ғылым. Ол адамның бойындағы психикалық құбылыстарды қарастырады. Жан дегеніміз Жаратушыдан келді ғой. Оны психолог қайдан таниды? «Жантану» деген сөз Абай мен Шәкәрімде бар. Олар Жаратушы-Иені іздеді ғой. Сондай-ақ Абайда «жауанмәрттілік» деген де сөз бар. Бұрын біз бұл сөзді араб пен парсыдан келген деп жүретінбіз. Сөйтсек, ол өзіміздің топырақта пайда болған, көне түркі сөзі екен».
Шығыс әдебиетінің Абай дүниетанымына әсерін және ақынның ондағы дәстүрлерді, данышпандық көзқарастарды ары қарай дамытудағы, жетілдірудегі үлгі-өнегесін терең зерттеген Мекемтас Мырзахметұлы тап осы тақырыпта көптеген еңбектер жазды, «Абайтану тарихы», «Абай және Шығыс» атты басқа да жинақтары жарық көрді. Мұның сыртында еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі Абай атындағы ҚазҰПУ-дің жанынан «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, хакім Абайдың адамзатты өркениетке ұлы даналығын жас ұрпақ бойына сіңіру шаралары қолға алынды. Абайдың дүниетанымы қалыптасқан рухани үш бұлағы туралы шындық бүгінде ашық айтыла бастады. Дегенмен абайтану тақырыбында қазіргі мектеп пен жоғарғы оқу орындарына арналып жазылған еңбектерде әлі де біржақтылық басым. Абайды әлі де кеңестік, еуропалық қалыпқа салып қарағысы келетіндер көп. Сол себепті де Мекемтас Мырзахметұлы: «Абайтану – бүгінгі таңда» деген мәселені күн тәртібіне қоюымыз қажет. Абайдың түркі әлемімен, шығыс мәдениетімен қатынасын терең көрсетуге тиіспіз. Жаңалықтың, құндылықтың барлығы сонда жатыр. Әуезовтің концепциясын қалпына келтірудің маңызы осында», – деп есептейді. Қалай болғанда да, бүгінгі таңда Абайдың шығысы туралы айтпау – шындыққа қиянат.
Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz/culture/45020/