«Мерке» бақылап өткізу пунктінің «Сыпатай батыр авто» бөлімшесінде (қазақ-қырғыз шекарасы) үстіміздегі жылғы қарашаның 30 күні кешкілік, сағат 19.15-тер шамасында шекарашылар көрші елден біздің елге қарай жаяу өтіп келе жатқан Қырғыз Республикасының азаматшасын ұстады.
Бұл әйел шекаралық тексеруге 1988 жылы туған Гүлнази ісімді Қырғыз азаматшасының атына берілген төлқұжатты ұсынған. Алайда, төлқұжаттың бөтен адамдікі екендігін бірден аңғарған шекарашыларға «қулығы» әшкере болып қалған азаматша өзінің 1991 жылы туған қырғыз қызы Халима екендігін мойындады. Оның бұл сөзінің қаншалықты шындық екендігін, неліктен бөтен төлқұжатпен жүргендігін Жамбыл облысы, Мерке аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері анықтайтын болады. «Бір әйелдің қулығы қырық есекке жүк болады» деуші еді, бұл әйелдің қулығы ҚР Қылмыс кодексінің 392 бабының 1-бөлігі бойынша мың айлық есептік көрсеткішке тең айыппұлмен немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырумен, бес жылға дейін елге келуге рұқсаттан айырумен жазаға тартуды көздейді.
http://aikyn.kz/