АЛТЫНОРДА
Региональные новости

ӘКІМДЕРДІ САЙЛАУ ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТТІ

выборыКеше Оңтүстік Қазақстан облысында   аудандық маңызы бар қалалардың, селолық округтердің, поселке мен ауылдардың әкімдерін сайлау  өтті.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының аппараты, бақылаушылар қарбалас жұмыс үстінде болды. Сайлау бастала сала-ақ  аумақтық сайлау комиссиясындағы телефондар дамыл тапқан жоқ.

-Облыс бойынша таңғы сағат 10-да барлық аудандық және қалалық мәслихаттарда таңдаушылардың мәжілістері басталды. Оларға 235 таңдаушының 230-ы қатысты,-деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ольга Вахитовна Сағымбекова сағат 11-лерде.

Әкім болғысы келгендердің қарасы аз болмағанын білетінбіз. Оларды тіркеу осы жылдың 24 шілдесінде аяқталған болатын. Құжаттары заң талаптарына сай болмағандықтан әкім сайлауында бақ сынап көре алмағандар да баршылық.

Үміткерлер ауыл, қала, поселке жұртшылықтарымен толып жатқан кездесулер  өткізді. Додаға түскен 421 үміткердің кеше 189-ы әкім болып сайланды.

-Әкім болып сайланғандар, негізінен, халықтың арасында абырой-беделі, жеткілікті білімі барлар, біліктіліктері ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалар мен поселкелердің, селолық округтердің көкейтесті мәселелерін шешуге, халықтың көңілінен шығатындай  дәрежеде жұмыс істеуге  жеткілікті азаматтар,-деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Шырынкүл Мырзамсейітова.

Сайлау туралы заң талаптары бұзылған жоқ. Бұл туралы бізге  саясаткер,  жергілікті әкімдердің сайлауы жөніндегі республикалық бақылау  комиссиясының мүшесі, Алияров Есенжол Қаниұлы мәлімдеді. Облысқа арнайы келген ол  науқанның бел ортасында жүрді.

-Қазығұрт, Төлеби аудандарында болдым. Заң бұзушылық байқалмады. Мысалы, Қазығұрт ауданының орталығында 16 дауыстың 9-ын, сол аудандағы «Қақпақ» ауылында  12-сін иемденген үміткерлер әкім болып сайланып, жеңіске жетті. Ал Төлеби ауданының Ленгір қаласының әкімі болып сайланған азамат небәрі бір дауыс артық алды, сөйтіп бағы жанды. Мұндай мысалдар көп. Ешкім тәртіп бұзған жоқ. Бәсекелестік күшті болды.  Таңдаушылар өздерінің қалаулары бойынша дауыс беріп жатты. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын үміткерлердің  жоғары деңгейде өткізгендері аңғарылып тұрды. Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысында аудандық маңызы бар қалалардың, селолық округтердің, поселкелердің, ауылдардың әкімдерін сайлауға дайындық жақсы жүргізіліпті, науқан заң талаптарына сәйкес баламалы, демократиялық  жағдайда, ұйымшылдықпен өтті,-деді Есенжол Қаниұлы.

 

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан облысы.