Америкалық суретші Джейсон Месье тұрмыстық қалдықтардан актриса Линдсей Лоханның портретін жасап шығарды. Суретші бұл портрет актрисаға ұнайды, тіпті Лохан оны төріне іліп қояды деп сенеді.
Тhe Huffington Post басылымына сілтеме жасаған Lenta.ru-дың хабарлауынша, Месье шығармашылық құралы ретінде арақ пен соустардың бос бөтелкелерін, сағыз қораптарын, визиткаларды, косметикалық-гигиеналық бұйымдар қалдықтарын, тозған ұялы телефондарды, көне дискілерді, тіпті темекі тұқылдарын да пайдаланған. «Мен Линдсейді жақсы көремін! Ол өзіне жұрт назары ауғанын ұнатады, сондықтан менің портретім де оның көңілінен шығады деп ойлаймын. Портрет оның қонақ бөлмесінің сәнін келтірер еді», – дейді Дж. Месье. 26 жастағы Лохан 2010-2012 жылдары мас күйде көлік жүргізгені және ұрлық жасағаны үшін айыпталған болатын. Жуырда соттың шешімімен ол мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Осы айдың аяғында актриса түскен «Өте қорқынышты кино-5» картинасы жарыққа шығады.