New Open World Corporation бейкоммерциялық ұйымы әлемді таңдандырған табиғи орындардың жетеуін қайта тізіп шығып, «Әлемнің жеті кереметін» жаңартты.
Айтпақшы, оның ішінде тек табиғи кереметтер ғана емес, әлемнің әдемі әрі ерекше сәулет құрылыс нысандары да кіреді. Бұл тізім 2007 жылдың 7 шілдесінде SMS арқылы дауыс беру барысында жасалған болатын. Әлемдегі әрбір адам қатысуға құқылы болған дауыс беру 2011 жылдың 11 айының 11-і күні таңертеңгі 11 сағат 11 минутта аяқталғаны хабарланды. Ендеше, біз сіздерге «Әлемнің жаңа жеті кереметін» (табиғи құндылықтар) таныстырайық.
1. Халонг шығанағы
Тонкин шығанағының меруертті таза суынан басталатын 3000-нан астам аралы бар Халонг мүйісі Вьетнам табиғатының кереметтерінің бірі. Кіп-кішкентай ғана аралдар түрлі демалыс орындары мен жағажайларға толы. Халонг сөзі «айдаһар теңізге секірген жер» деп аударылады. Халонг жерінде бұрындары тауды мекендеген қызыл айдаһарлар өмір сүрді деген аңыз бар. Айдаһар жағаға келгенде өз құйрығымен ұңғылап аңғар мен ойпаттарды қазады. Ол суға сүңгігенде құйрығымен қазған жерлер суға тола бастайды. Содан соң әр жерден ғана қылқиып аз ғана жерлер қалады. Демек, бұл шығанақтың өзіндік әдемілігі де, ерекше аңызы да жоқ емес.
2. Амазона өзені
Амазона – Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан, дүние жүзіндегі ең ірі өзен. Өзеннің сағасын 1500 жылы испан теңізшісі Висенте Пинсон ашқан. Өзен арнасымен 1541 жылы алғаш рет испан конкистадоры Франсиско де Орельяна (1541) саяхат жасаған. Жергілікті тұрғындар оны Парана-Тинга (Ақ өзен) және Парана-Туасу (Ұлы өзен) деп атайды. Алабының ауданы 7,2 млн. м2, ұзындығы Укаяли бастауынан есептегенде 7000 шақырымнан асады. Амазонаның (ағылшынша Amasonas) негізгі ағысы экватор мен 50 оңтүстік ендік аралығында, яғни біркелкі әрі аса ылғалданған аймақта (жауын-шашынның жылдық мөлшері 1500-3000 мм) жатыр. Анд тауынан өткен соң өзен Амазона ойпатына шығып, оң жақтан келген Укаяли өзенімен қосылып, Ұлы Амазона өзені басталады. Ол батпақтанған жазықпен, ылғалды экваторлы ормандардың арасымен ағады. Мұхиттан 350 шақырым қашықтықта әлемдегі ең үлкен атырау түзеді (аумағы шамамен 100 000 шаршы шақырым). Өзенге көптеген салалар құяды, олардың 20-ға жуығының ұзындығы 1500-3500 шақырым болады.
3. Пуэрто-Принсеса жерасты өзені
Бұл өзен Палаван филиппиндік аралында Пуэрто-Принсеса / Puerto Princesa аталатын қаласында орналасқан. Қаланы 1872 жылы Эулалией де Бурбон есімді испан ханшайымы салған. Әлемнің ең ұзын жерасты өзені саналатын бұл жаңа кереметтің ұзындығы 8 шақырым. Оның 4 шақырымын қайықпен жүзіп өтуге болады. Үңгірдің биіктігі 80 метрге, ал ені 140 метрге жетеді. Пуэрто-Принсеса қаласының басшылығы 1992 жылы жерасты өзен мен оны қоршаған шекараны ұлттық саябаққа айналдырды. Кейін ол 1999 жылы ЮНЕСКО-ның құндылығы қатарына енді. Жерасты өзенді саяхаттап жүріп туристер түрлі өсімдіктер мен хайуанаттарға кезігеді. Мысалы, бұл жерден әлемде сирек кездесетін сүтқоректі жануар – теңіз сиырын байқауға болады. Сонымен қатар, сақалды шошқа мен алабажақ кесіртке, мысық пен аюлар да кездесіп қалады. Жерасты өзенге саяхат жасайтын жылдың ең қолайлы уақыты – қаңтар мен мамырдың ортасы. Осы кезде өзен әрі тыныш, әрі жылы болады.
4. Игуасу сарқырамасы
Игуасу – Оңтүстік Америкадағы Парана өзенінің сол жақ саласы – Игуасу өзеніндегі сарқырама. Өзеннің Аргентина мен Бразилия мемлекеттерінің шекарасымен өтетін бөлігінде, Паранаға құятын жерінен 26 шақырым жоғары орналасқан. Ені 2700 м, биіктігі 72 м, жылдық орташа су ағыны 1725 м3/с. Су базальттан түзілген екі тік жардан асып, шатқалға құлайды. Сарқырама тармақтарының аралығы жартастармен бөлінген. Сарқыраманың буырқанған суының сарылы 20-25 км жерден естіледі. Игуасу өзенінің шатқалы мен сарқырамасы ұлттық саябақ болып жарияланған.
5. ОАР-дағы Тэйбл тауы
Оңтүстік Африка Республикасында орналасқан Тэйбл тауы ұлттық саябағы Кейптун тауынан алыс емес. Саябақ өзі орналасқан таудың атымен Тэйбл тауы аталып кеткен. Таудың биіктігі 1086 метрді құрайды. Тау жылы ағыс пен суық ағыс қосылатын мұхиттың жанында орналасқан. Сондықтан оның төбесінде үнемі тұманды ауа-райы болып тұрады. Мұнда өсімдіктердің 2020 түрі өседі. Әлемнің көп жерінен бой көрсете қоймайтын көптеген өсімдіктерді осы таудан табуға болады. Сирек кездесетін өсімдіктер де жоқ емес.
6. Комодо аралы
Комодо аралы Индонезияда орналасқан. Жалпы көлемі 390 шаршы шақырымды құрайды. Алғашында жергілікті Комодо айдаһарын сақтап қалу мақсатында Индонезияда құрылған Комодо ұлттық саябағы қазіргі уақытта саябақтағы барлық жан-жануарларды қорғауға алған. Құз баурайы, қалың өсімдік жамылғысы, аппақ құмды жағажай және су астындағы маржанды жартас, тұнық су – осының бәрі Ұлттық саябақтағы алаңсыз табиғатты үйлесімді етеді. Алып кесірткелер де саябақтың әдемі бір көрінісін аша түскендей әсерге бөлейді.
7. Чеджу аралы
Чеджу аралы Сеулден ұшақпен ұшқанда бір сағат алатын Корей түбегінің оңтүстігінде орналасқан. Шығысын Тынық мұхиты, ал оңтүстік пен батысын Оңтүстік-Қытай және Сары теңізі қоршаған. Жұмсақ теңіз климаты, оңашаланған жер, бірегей табиғат және вулкандық ландшафтар Чеджу аралына ерекше романтикалық арал имиджін қалыптастырған. Чеджу аралы миллиондаған жылдар бұрын жанартау атқылауларынан пайда болған арал деп есептеледі. Ежелде арал Тхамна деп аталып, тәуелсіз мемлекет болған екен. Кейін Силла, сосын Корё мемлекеттері басып алып, бертін келе кореялықтардың иелігіне өткен.
Тарих беттерін парақтап, корей режиссерлері жарық жұлдыздардың қатысуымен «Тхамна аралы» деген телехикая да түсірген. Мыңдаған жылдар бұрын Чеджуде орналасқан Халласан тауында жанартаулар атқылап тұрған екен. Қазіргі кезде жанартау сөніп қалған, сол себепті қауіпсіз орын болып табылады. Халласан – Чеджудың әсем табиғатының бөлшегі, аралдың інжуі болып саналады. Жанартаудан түзілген базальт – бірден-бір құрылыс материалы екені белгілі. Мыңдаған жылдар бұрын атқылаған жанартаудан теңіз жағасында, тастан әдемі құрылыстар пайда болған және Чеджу аралының символы саналатын Тольхарубан атай да қара лавадан жасалған. Осы атайдың мүсініне келіп, мұрнынан сипаса жақсылықтың жаршысы деген ырым бар. Чеджуде мандарин өсіру шаруашылығы жақсы дамыған.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: econet.ru, rutraveller.ru
http://massaget.kz/alemtanu/zhahan/12147