Ауыл шаруашылығы министрлігі былтырдан бері қамбаларда қараптан-қарап жоғалып кететін астық жөнінде біраз дау көтерген еді. Ондай дау Мемлекет басшысы деңгейіне жеткені есте. Дегенмен астық ұрлаушылар айылын жияр емес. Жыл басынан тексеруді қолға алған инспекторлар бірқатар қоймаларда бидайдың «орнын сипап» қалып жатыр екен. Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің апталық брифингінде осы мәселе көтеріліп, инспекторлар кәсіпорындарға тексеруді күшейтпесе болмайтынын тағы да ескертті.
Нарықта астық бағасы қымбаттаса, қоймаларда сақталған мемлекетке тиесілі астықтың сатылып кететіні, сосын қамба қожайындары оның орнын егін орағынан түсетін арзан астықпен толтыра салатыны туралы былтыр да біраз мәселе көтеріліп еді. 2012 жылы агроөнеркәсіп кешенін қадағалайтын мемлекеттік инспекторлар тексеріс барысында астық қабылдау кәсіпорындарынан 57 272 тонна астық жетіспеушілігін анықтаған болатын. Ондағы агроөнеркәсіп кешеніне келген шығын 2,3 млрд теңгені құраған еді. Бұл инспекторлардың көзбен көріп, қолмен ұстап анықтағаны ғана. Дегенмен астыққа қатысты шудың Елбасыға дейін жеткенін көріп, қамба қожайындары айылын жияр деген едік. Алайда олай болмай отыр. Ағымдағы жылдың үш айында астық қабылдау кәсіпорындарында жүргізілген тексерісте алты кәсіпорыннан 85 мың тонна астық жетіспейтіндігі анықталған. Астық қабылдау кәсіпорындарын тексеру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Дегенмен бас-аяғы алты кәсіпорыннан келген «томпақ» 3,4 млрд теңгені құрап отыр. Мұның ішінде 64 мың тоннасы «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясына қарасты мемлекеттік астық ресурстарына тиесілі астық болса, қалған 21 мың тоннаға жуығы шаруа қожалықтарына тиесілі. Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марстың мәліметінше, жыл басынан бері астық нарығында баға аспандап, соның әсеріне астық қабылдау кәсіпорындары мұндай мүмкіндікті құр жібермеуге бекінген секілді. Сөйтіп, амалға басып, тексеру барысында тұтылғандарға келсек, астық жетіспеушілігі анықталғандардың ішіндегі екі кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан екен. Оның бірі – «Предгорненский элеватор» ЖШС-да 47 477 тонна астық жетіспейді және оның барлығы дерлік мемлекеттік астық ресурсына қарасты болып табылады. Аталған кәсіпорынның келтірген шығыны 1 млрд 899 млн теңгеге бағаланып отыр. Екінші астық қабылдау кәсіпорны – «Бел-ағаш МКК» ЖШС кәсіпорны, ондағы астық жетіспеушілігі 15 мың тоннаны құрап, шығыны 617 млн теңгеге жетеді.
Түйіндей айтсақ, ахуалды пайдаланып мемлекеттік ресурсты саудаға салған кәсіпорын қожайындарына қатысты қылмыстық іс қозғалып, материалдар Қаржы полициясына жолданыпты. Тағы бірсыпыра қамбаның қожайындарына айыппұл салынған. «Биылғы тексерістердің арқасында астық жетіспеушілігі кеңінен анықталып жатыр. Негізі, нарықта астық қымбаттаған шақта астық қабылдау кәсіпорындары дәл осындай жолға бұра тартады. Яғни кәсіпорын қожайындары мемлекет ұсынған астықты арзан пайданың көзіне айналдырып отыр. Сөйтіп, дәл қазіргі нарықта астық қымбаттаған шақта қоймадағы бидайды сатып, оның орнын науқан кезіндегі арзан бағадағы астықпен толтырып отыруға тырысады», – дейді мемлекеттік инспекция өкілі. Марс мырзаның меңзегенінен ұққанымыз – астық қабылдау кәсіпорындарына инспекторлардың тексерісін күшейту қажет. Әйтпесе болмайды. Ал қолданыстағы заңнама бұған бой бермейді. «Қазіргі күні мемлекеттік бақылау және қадағалаудың қолданыстағы заңнамасына сәйкес, біз элеваторларға алты айда бір рет қана жоспарлы тексеріс жасай аламыз. Қалған уақытта тексеріс жасау заңға қайшы. Солай болғанда, әлгіндей қадағалаусыз қалған басқа алты айда астық қабылдау кәсіпорнының басшылары бидайды қымбат бағамен сату арқылы өз пайдасын жүзеге асырады. Оның басым бөлігі – мемлекеттік ресурстағы астық», – дейді Алмабек Марс. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары астық қабылдау кәсіпорындарында болатын жоспарлы тексерісті айына бір рет жүргізу қажеттігін алға тартады. Екінші бір мәселе – электронды астық қолхаты институтын енгізу. «Мұның маңызы зор. Өйткені осы жүйе арқылы қамбада қанша астық сақталып отырғанын қадағалай аламыз. Бұдан бөлек, міндетті сақтандыру туралы заңға астық қолхатын ұстатушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қаралатын болады. Бұл заң жобалары қазір талқыланып жатыр», – дейді төраға орынбасары.
Айтпақшы, Ауыл шаруашылығы министрлігі астық қабылдау кәсіпорындарынан көлік және теміржол арқылы астықтың тиелуін бақылайтын тиісті штабтар құру туралы да Үкіметке ұсыныс жолдап үлгеріпті. Ондай штабтың құрамына енетін құқық қорғау және облыс әкімдіктерінің қызметкерлері кәсіпорындардан кіріп-шығатын астықтың заңдылығын да бақылайтын болады.
Автор: Қанат ҚАЗЫ