АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШАЯННЫҢ ЕТІ

шаянЖатақханада небір қызықтар басыңыздан өтеді. Еркебұлан Кенеханов деген ақын жігіт екеуміз былтыр бір бөлмеде тұрғанбыз. Содан бір күні Ерекеңнің ауыл жағынан бір дорба ауылдың тәттісі мен ет келді. Екеуміз қос білекті түріп тастап, әлгі етті асуға кірісіп кеттік.
Әйтеуір, жан-жақтан жинап жүріп, ыдыс-аяқты түгелдеп, үстел-орындықтарды әкеліп, кешкі асты әп-сәтте әзір қылдық. Ауылдың жасы-кішісі қалмай жиналғаны секілді, жатақхананың да тайлы-тұяғы қалмай келді біз жайған дастарқанға.  Табақтағы ас түгесілер тұста бұл жиынға келмей қалған Жақсылықтың үлесі деп, Ерекең аздаған етті бөлек алып қойды. Ертеңіне Жақсылық келеді еттен ауыз тиюге. Еркебұлан ортаға табақты қойып жатып, «Ал, Жәке, астан қымсынбай алып отыр, бұл өзі шаянның еті» дейді ғой риза кейіпте. Сілекейі шұбырып, асқа қолын енді жүгіртіп жатқан Жәкең кілт тоқтай қалады. «Әй, шаянның еті несі?» дейді Еркебұланға бұрылып. «Же деймін, бұл еттен Заттыбек те жеген, ақын-сазгер Жарылқасын Дәулетовтің өзі шаянның асынан ауыз тимей қалмаған» деп өршіте түседі. «Құдай-ау, немене, қытай боп кеткенсіңдер ме, шаянның етін жейтін?!» – деп Жақсылықтың асауға аузы, алуға қолы бармай дағдарып қалса керек. Сөйтсе, Ерекең айтып отырған Шаян – өз ауылының аты екені Жақсылыққа сосыы-ы-ын барып жетеді ғой. Иә, біздің Ерекеңнің туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы Шаян елдімекені. «Шаянға барсаң, әншімін деме» дейтін сөзге арқау болған өнерлі өңір. Осылайша, екеуі сол күні Шаянның етін сүйсініп отырып, тауысқанға ұқсайды.

Абай Қазыбекұлы

http://www.jasqazaq.kz