«Қоқыс жәшіктерінен полиэтилен пакетке салынған нәрестелерді тауып алды», «баласын айуандықпен өлтіріп, денесін бөлшектеп, лақтырып кеткен», «анасын ұрып өлтірген», «әкесіне пышақ салып алған», «бауырлар бір-бірін мерт қылды…» Осындай қылмыстар бұл күні бізді таңғалдырмайтын болды. Туған баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар да екі күннің бірінде айтылатын жағдайға жеттік. Мұндай патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?.. Әйел неге өз баласынан өзі жеріді?
Жақында Көкшетау қаласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен сол қолы жоқ сәбидің өлі денесі табылды. Бұл сәби анасының «жоспарынан тыс» өмірге келгендіктен, жарық дүниеге келе сала, о дүниеге аттаныпты. Мұндай оқиғаларды тізе беруге болады. Былтыр жазда Ақтөбенің Абай даңғылы бойындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен жаңа туған сәби табылды. Кіндігі де түспеген нәрестені 23 жастағы әйел тастап кеткен болып шықты.
Ардагер УАЙДА, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Биыл наурыз айында тағы да осындай оқиға болды. 27 наурыз күні Темір аудандық ішкі істер бөліміне Шұбарқұдық ауылының тұрғыны хабарласты. Өз үйінің ауласындағы дәретханадан жаңа туған баланы тауып алғандығын айтқан. Оқиға болған жерге дереу жедел-тергеу тобы барып, төсек жаймаға оралған нәрестені алып шықты. Абырой болғанда, сәби аман екен, оны дәрігерлерге табыстадық. Бір тәуліктен кейін сәбидің анасы табылды. Күйеуге тимеген, 23 жастағы әйел түнде толғағы келіп, далаға шыққанын, жеті айлық баланы мерзімінен бұрын босанып, сол түні оны төсек жаймаға орап, дәретханаға лақтырып тастағанын айтқан.
Жаның түршігеді. Бейресми деректерге қарағанда, соңғы екі-үш жылда елімізде оннан астам бала өз анасының қолынан ажал құшқан.
Осы тектес қылмыстардың көбейіп кеткендігі соншалық, соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деген арнайы, 97-бап енгізілген болатын.
Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі — төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Көріп отырғанымыздай, жаңа туған баласын өлтірген әйел бар болғаны төрт жылға бас бостандығынан айырылады екен… Ал салыстырмалы түрде осы кодекстің 175-інші «Ұрлық» бабын қарасақ, онда ұрлықтың қалай жасалуына байланысты, күдіктінің айыппұл төлеуден бастап, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Сонда нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па деп ойлайсың…
Серік ЖОЛДЫБАЙ, заңгер:
— 98 бап бойынша, кенет пайда болған жан күйзелісі (аффекті) жағдайында адам өлтіргенге үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе алты айға дейінгі мерзімге қамауға немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал баласын қоқыс жәшігіне тастай салатын аналарға қатысты Қылмыстық кодекстің 119-ыншы бабы қолданылады. Яғни, өз-өзін күтуге дәрмені жоқ адамдарды, мысалы сәбилерді, қарттарды, науқастарға көмек көрсетуге мүмкіндігі бар және міндетті болып табылатын адам оларды көпе-көрнеу көмексіз қалдырған болса, ол адамға айыппұл салынады, немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алынады. Ал көмексіз қалған адам, мысалы, қоқысқа лақтырылған бала қайтыс болса, оны лақтырып тастаған анасына не айыппұл салынады, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Міне, осындай қылмыс жасағандарға қатысты жаза осындай. Менің пікірімше, қазір қылмыстық кодекс ізгіленіп кетті.
Жаңа туған баласын өлтірген аналар туралы ақпараттарды оқып отырсаңыз, мұндай қадамға барғандардың ішінде оң жақта отырып, аяғы ауырлаған әйелдердің баршылық екендігін байқайсыз. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін бойына «жоспарсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адамның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» ана дүниеге аттандырып жатқан әйелдің күнәні күнәмен жууынан басқа жол жоқ па?..
…Орта ғасырлардағы Еуропада некесіз туған балаларды «шайтаннан» деп, отқа өртеген. Ресейде ХІХ ғасырда өз баласын өлтірген әйелдерге олардың отбасылық құқықтық статусына байланысты жаза тағайындаған – әйелдің отбасы бар болса, оны ауыр жазаға, отбасы жоқ, оң жақта отырып босанған адам болса, жеңіл жазаға тартқан. Яғни күйеуге тимей сәби сүйген әйелдердің өз баласын өлтіруі отбасы бар әйелдердің осындай қылмысына қарағанда жеңілдеу болған екен…
Бірақ қазақ ешқашан қандай бала болса да оны өлтіруге жол бермеген. Тәуке ханның заманында мұндай безбүйрек аналарды өлім жазасына кескен. Жеті жарғыда: «Некесіз туған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі» делінген. Қазақтың аналары «О, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, шетінен сыпырып ала бер» деп кері кеткен баласын адамның емес, Алланың үкіміне тапсырған.
Әрине, бұл – некесіз туған балалар көбейсін деген емес, керісінше, қыз баланың «болары болғанға» дейінгі тәрбиесіне мән беру қажет деген сөз. Ал бойға бала бітті екен, оны өлтіру арқылы арыңды тыныштандыра алмайсың. Бұл – басқа әңгіменің өзегі.
БАР БАҚЫТСЫЗДЫҚҚА БАЛА КІНӘЛІ МЕ?
Зерттеулерге қарағанда, жаңа туған балаларын өлтірген аналардың көпшілігінің психикасында ауытқушылық бар екендігі байқалған.
Жалпы, әйелдердің баласын өлтіруі кезіндегі психикалық жағдайына мән беру мәселесі тек ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталған. 1845 жылы Ресей заңдарында әлемде тұңғыш рет жаңа туған баласының жанын алған әзірейіл аналардың психикалық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза тағайындау кезінде оның психикалық жағдайына байланысты жеңілдіктер жасау қарастырылған. 1988 жылдары Еуропаның көптеген елдерінде психикалық ауытқушылығы салдарынан баласын өлтіріп алған аналардың жазасын жеңілдеткен.
Мейрамгүл ЕСЕНҒҰЛОВА, психолог, педагогика ғылымының кандидаты:
— Жаңа босанған аналардың қылмысқа баруы уақытша психикалық ауытқушылықтың әсері болуы мүмкін. Қылмысқа барған аналар сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өздерінің іс-әрекеттеріне есеп бере алмайды. Бұл жағдайда аналар өздерінің не істеп, не қойғандарын білмей қалуы әбден мүмкін. Яғни әйелдердің босанғаннан кейін осындай қылмысқа баруы оның аффектілік жағдайда болғандығының салдары болуы кәдік. Аффектілік жағдайда адам өз-өзін басқара алмайды, өзіне-өзі иелік ете алмайды.
Жалпы, кез келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы – қалыпты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Оның себебі болашақ анаға босанғанға дейінгі әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Ықпал еткен факторларды дұрыс түсініп, оң шешімін таба білуге тұлғаның психологиялық ерекшелігі мен дайындығы негіз болады.
Жүкті әйелдің психологиялық жағдайындағы өзгерістерге дәрігерлер мен айналасындағы ортасы назар аударуы қажет. Белгілері: түсініксіз, баяу сөйлеп, бала туралы кеңестерді жүрдім-бардым тыңдауы, не болса соған жылай беруі, өзін әлденеге кінәлі сезінуі.
Психологтың пікірінше, анасының өсіп қалған баласына қол салуы әлеуметтік жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі қарастырылады. Біріншісі — әйелдің күйеуін жек көруі. Бұл жағдайда әйел өшін баласынан алады, барлық бақытсыздыққа баласы кінәлі деп санайды.
Екінші себеп — ішімдікке жақын болу. Ішкен әйелдің жайы белгілі, ал егер күйеуі ішімдікке жақын болса, бала байғұс тағы да соған кінәлі болып шыға келеді. Әйелдің күйеуіне деген ашу-ызасы, өкпе-реніші күннен күнге ұлғайып, әбден көңілі қалып, оның ішіп келетініне ғана емес, тұрмыстың ауырлығына, жағдайдың жоқтығына, тіпті көршілердің нашарлығына, шкафтың есігінің сықырлап, жүйкеге тигеніне дейін бейшара балалар кінәлі болып, ақыры оны шешесі ұрып-соғып, қансыратып, аяқ-қолын сындырып, күндердің-күнінде өлтіруге дейін баруы мүмкін.
Психологтың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналардың, сонымен қатар өзін қатты жақсы көретін, бәрі өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдердің болуы мүмкін.
БІЗГЕ ДЕ «БЭБИ-БОКС» КЕРЕК ПЕ?
Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, баланың болашағына деген сенімсіздік, қиналғанда жанында ешкімнің жоқтығы да аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Қазіргі қоғамда жалғызбасты аналарға үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетілгенімен, оның жанына демеу болатындар аз…
Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздар былай тұрсын, ерінен айырылған, не ажырасқан аналардың арасында да ешкімнің көмегіне ие бола алмай, балаларын қалай бағарын, қай жаққа жарыларын білмей дал болып жүргендер бар. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін ақылы бағатын әжелер де бар екен.
Аналардың осынша агрессияға бой алдыруына тек аталған нәрселер себеп болып отыр деуге де болмайды. Тасбауыр қоғамнан іздеу керек мәселенің төркінін. Әйел бойындағы аналық сезімнің әлсіреуіне себеп болған нәрселерді түстеп айтып беру оңай емес.
Кейбір елдерде аналар балалар үйінде өскен жеткіншектері үшін мемлекетке ақша төлеуден қашу мақсатында оны өз қолымен өлтіріп тастайды екен. Ресей, Белоруссия психологтары Германия, Австрия, Бельгия, Швейцария секілді мемлекеттерде жұмыс жасайтын бэби-бокстар ашу жөнінде ұсыныстар көтерді. Бэби-бокс дегеніміз — ауруханалардағы арнайы терезелер, ол жерлерге баласынан бас тартқысы келетін әйелдер анонимді түрде тастап кете алады. Алайда мәселені бұлай шешуге болмайды. Себебі баласын бір рет тастап кеткен әйел екінші рет, оныншы рет тастап кете беруі мүмкін емес пе…
Р.S.
Анасының баласын өлтіргені жөніндегі қылмыстық оқиғаларды саралап қарасаңыз, «психикасының ауытқушылығы салдарынан…», «ішімдік ішіп отырғанда…», «некесіз бала туғандығынан…», «күйеуінен ажырасқан соң…», «жүктілік жоспарына кірмеген…» деген секілді себептерді ғана көруге болады. Ал оның не үшін ішімдікке салынғаны, не үшін ажырасқаны секілді түпкі мәселеге мән бермейміз. Ағаштың бұтағын кесіп, жапырағын кескеннен тамыры қиылмайтынын ұмытпауымыз керек.
Автор: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, Ақтөбе
http://alashainasy.kz/main/43205/