[:kz]
Елбасы Ислам Каримовтің бейітіне гүл шоғын қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде Ислам Каримовпен екеуін ұзақ жылдар бойы берік достық, шынайы түсіністік, өзара тілеулестік байланыстырып келгенін айтты.
– Өзбекстандықтардың келер ұрпағы, келесі буыны Ислам Каримовты әрдайым есте сақтайды деп сенемін. Оның артта қалған мол мұрасын, мемлекеттік қызметінің нәтижелерін ұрпақ зерттеп-зерделеп, атқарған істерін өзбек халқының тарихына алтын әріптермен жазады. Ол бүкіл әлемге танымал көшбасшы болды, ел экономикасының қалыптасуы мен дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы оның есімімен байланысты. Біз ұлы адамнан айырылдық, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз арасындағы тарихи және стратегиялық байланысты нығайту жолында Өзбекстанның тұңғыш Президенті баға жетпес рөл атқарғанына тоқталды.
– Қазақ пен өзбек халқы әрдайым бір-бірімен етене жақын болды. Ислам Абдуганиевич екеуміз 1998 жылы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі басында мәңгілік достық туралы келісімге қол қойдық, біздің қарым-қатынасымыз үнемі сол келісімге негізделді. Қазақстан әрқашан өзбек халқымен қанаттасып, қатар келеді және солай бола береді. Біз сіздермен барлық қуанышты бірге бөлісіп, қиын кездерде бірге қайғырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Дереккөзі: baq.kz
[:]