Міне, қызық, әлемнің 1940 жылы дүниеге келген біраз тұрғынының пешенесіне мемлекет басқару жазылыпты. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір жылы туып, мемлекет басқарған тұлғалар туралы дерек келтіре кетейік.
ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТТЕР
Мирча СНЕГУР. Молдова Республикасының тұңғыш Президенті. 1940 жылдың 17 қаңтарында туған. Мамандығы – агроном. Кеңес Одағы ыдыраған соң, Молдова Республикасы 1991 жылдың 17 тамызында өз тәуелсіздігін жариялады. Ал бұдан бір жыл бұрын, 3 қыркүйекте билік басына Мирча Снегур келген еді. Ол 1997 жылдың 15 қаңтарына дейін жеті жыл президенттік қызмет атқарды.
Қазақстанның Молдовамен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылдың 27 шілдесінен бастап, яғни Снегур тұсында орнады.
Бұл елдің екінші Президенті Петр Лучинский де – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрдасы.
Сапармұрат НИЯЗОВ. Түрікменстанның тұңғыш Президенті. 1990 жылдың 27 қазанында Түрікменстанға басшы болған С.Ниязов 1940 жылдың 19 ақпанында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-энергетик. Сапармұрат Атайұлы 2006 жылдың 21 желтоқсанында жүрек талмасынан қайтыс болды.
Түбі бір түркі елдері – Қазақстан мен Түрікменстанның тарихи-мәдени, экономикалық-әлеуметтік байланыстары тереңнен басталады. Ал ресми дипломатиялық қатынастарға 2012 жылы 20 жыл толды.
ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТЕР
Табаре ВАСКЕС. Уругвай Шығыс Республикасының 39-ыншы Президенті.
2005-2010 жылдары Президент қызметін атқарды. 1940 жылдың 17 қаңтарында туған. Мамандығы – онколог. Васкестің президенттігі тұсында Уругвай раунды бойынша қабылданған міндеттемелер деңгейінде Қазақстан-Уругвай тауар айналымы дами түсті.
Абдуррахман УАХИД. Индонезияның төртінші Президенті. 1940 жылдың 7 қыркүйегінде туған. 1999-2001 жылдары Индонезия Президенті қызметін атқарды. Мамандығы – дінтанушы, журналист. Саясаттанушылар өз халқынан қолдау таппаған Уахидтің билік басындағы қызметінің сәтсіз болғанын айтады. Төртінші Президент 2009 жылдың 30 желтоқсанында дүниеден өтті.
Индонезия – Қазақстан Тәуелсіздігін бірден — 1991 жылы алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 2 маусымында орнады.
ҚАЗІРГІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫ
Йоахим ГАУК. Германия Федеративті Республикасының Президенті. 1940 жылы 24 қаңтарда туған. Еңбек жолын протестант шіркеуінің пасторы болып бастаған. Ол президент боп 2012 жылы сайланды.
Қазақстан Германия Федеративтік Республикасымен 1992 жылдың 11 ақпанынан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ Германия Қазақстанның Батыстағы ірі сауда-саттық әріптесі боп саналады.
Мұхаммед Юсуф әл-МАКРИФ. Ливия Республикасының басшысы, елдің Жалпыға ортақ Ұлттық Конгресінің төрағасы. Ұзақ жыл дипломатиялық қызмет атқарған.
Муаммар Каддафи диктатурасын құлатқан азаматтық соғыстан кейін өткен сайлаудың нәтижесінде 2012 жылдың 9 тамызында Ұлттық Конгресс басшысы болды.
Қазақстан мен Ливия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 13 наурызынан бастау алады.
Автор: Болатбек Мұхтаров
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/elbasyimen-kurdas-prezidentter-58396/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі