АЛТЫНОРДА
Новости

Эштон: Янукович келісім жасағысы келетінін айтты

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон. Брюссель, 12 желтоқсан 2013 жыл.Еуропа Одағы (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштон Украина президенті Виктор Янукович өзіне ЕО-мен сауда келісімі және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға ынталы екенін білдіргенін мәлімдеді.

Брюссельде сөйлеген Эштон «Янукович алға тартқан экономикалық қиындықтар ЕО-мен сауда келісіміне қол қою арқылы шешімін таба алатынын» айтты. Оның сөзінше, келісімге қол қойса Украинаға жаңа инвестициялар тартылуы мүмкін.

Киевте 11 желтоқсанға қараған түні милиция жасағы «Еуромайдан» акциясы өтіп жатқан Тәуелсіздік алаңындағы баррикадалар мен шатырларды бұзып, демонстранттарды ығыстырған еді. Бірақ ұзамай шерушілер алаңға қайта жиналып алған. Қазір Киевте «Еуромайдан» акциясы жалғасып жатыр.

Украина оппозициясы жетекшілері 11 желтоқсанда президент Виктор Януковичтің келіссөз жүргізуге шақыруын қабыл алмады. Оппозиция жетекшілері үкіметтің тек отставкаға кетуін талап ететінін тағы да мәлімдеді.

Украина үкіметінің ЕО-мен еркін сауда және саяси ассоциация туралы келісімнен бас тартып, оның орнына Ресеймен экономикалық байланыстарды нығайтатыны туралы қарашадағы мәлімдемесі халық наразылығын тудырған еді.

http://www.azattyq.org