АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Есірткіге құмартқандар өркениетті қоғамға қашанда қауіпті

imagesЕсірткіге еліткендер – қоғамға қауіпті. Олардың дертінен құлан-таза айықтыру да өте қиын. Демек, аурулармен алысқанша, қалың жұртшылықты, әсіресе, өскелең ұрпақты наркоманиядан сақтандыру қажет.

Нарколог-дәрігерлер жуырда алматылық журналистерге арнап «Наркомания мен есірткі бизнесіне қарсы күресті насихаттау» тақырыбында семинар өткізді. Шарада мамандар  БАҚ өкілдеріне наркологиялық аурулар туралы жалпы ақпаратты алу және тарату, есірткіге қарсы күрестің тиімді тәсілдері, адамдардың наркоманияға әуестену себептері мен салдарлары т.б. айтты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Республикалық ғылыми-тәжірибелік психиатрия, психотерапия және наркомания орталығы» қызметкері, психотерапевт Әлия Нұрғазинаның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында  наркотиктерден адамдарды сақтандыру барысында есірткіні дайындау және қолдану жолдарын көрсетуге болмайды: «Біз есірткіге қарсымыз!» дегеннің орнына «Біз өмірді таңдаймыз!» ұранын қолданса, әлдеқайда тиімді. Адамдарға психологиялық тұрғыда салмақ салмайды. Сонымен қатар есірткіге тәуелді адамдар арасындағы суицид пен шектен тыс қолдану жайлы да айтудан қашу керек». Латвиядағы әріптестерінің сөзін келтірген Әлия Зекенқызы: «Латвияда елге жақсы танымал бір актер өз өзіне қол салғаннан кейін латыштар арасында суицидке ұрынғандар саны күрт артқан. Олар өздері жақсы көрген актерге еліктеген болып шықты», – деді. Құрсақта жатқан шарана анасының бойындағы қуаныш, қорқыныш, қатыгездік пен үрей, адамдарға сенбеу немесе адалдық т.б. жағымды және жағымсыз сезімдерді сезінеді екен. Яғни, әйелдің көңіл-күйі ішіндегі балаға психологиялық тұрғыда тікелей әсер етеді. Осы орайда, Фрейд: «Психологиялық тұрғыда сау адам кез келген қиындыққа қарсы тұра біледі», – деген. Наркологтардың айтуынша, соңғы кездері кеңінен тарай бастаған психотроптық заттар өскелең ұрпақтың санасына кері әсер етуде. Ата-аналардың балаларына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеуі, олардың пікірімен санаспауы, үнемі психологиялық тұрғыда қысым жасауы өскелең ұрпақтың есірткіге әуестенуіне себеп болуы мүмкін. Негізі өмірде кездесетін кедергілер мен қиындықтарға қарсы күресудің орнына жан тыныштығын арақ пен есірткіден іздейтіндерде ерік-жігер аз. Ондайларды емдеу де өте қиынға соғады екен.

Семинарда Нарколог-дәрігер Денис Богданов аймақтардағы есірткі проблемасы туралы ақпараттарды жинау және өңдеу, орталықтардан шалғай жерлерде есірткіге қарсы күресті насихаттау, «дәріханалық есірткілерге» деген тәуелділіктің алдын алу және емделу жолдары туралы айтты. «Есірткіге тәуелділік ұлт пен ұлысты, жыныс пен дінді талғамайды. Есірткінің құрығына кез келген түсуі мүмкін. «Дәріханалық наркотиктер» аталып кеткен есірткі заттарын оңай әрі арзанға табуға болады. Жас мөлшерлері әртүрлі әрі ғұмырлары ұзаққа бармайды. Есірткіге тәуелділер дәріханаларды пайдалануға көшкен. Олар тым қымбат тұратын наркотикті құрамы есірткіге ұқсайтын дәрілермен ауыстырып алған. Егер белгілі бір дәріні үздіксіз пайдаланса, сегіз айдан аспай-ақ, ажал құшатын жағдайлар жиілеті. Семинар барысында журналистер қауымы нақты қандай және қай дәріні наркомандар жиі пайдаланатынына қызыққан. Алайда, Әлия Зекенқызы: «Дәрілердің атауын жариялаудың қажеті жоқ, өйткені адамдарды қорғаймыз деп отырып, керісінше, қызығушылықты арттырып алған жайттар жиі кездесті. Әрі дәрілердің есірткілер тізіміне жататынын, адамдар санасына психотроптық зат ретіне кері әсер ететінін дәлелдеу үшін уақыт пен қаржы, жүйке қажет», – деді.

Семинар-тренингте мамандар қоғамдық, шығармашылық, спортты және басқа да ұйымдар өкілдерін есірткімен күресті бірге жүргізуге шақырды. Олардың пікірінше, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары өте ықпалды. Нарколог-дәрігер Мария Серегина есірткіге әуестерді емдеу шаралары кешенді жүргізілгенде ғана тиімді болатынын айтты: «Балалардың сана-сезімі жетіліп, өзіндік мені қалыптасқанға дейінгі аралықта ата-ана тәрбиесі аса маңызды. Бала өзіне қажеттіні әке мен шешеден, мектептегі ұстаздардан, жанындағы достардан, қоршаған ортасынан алады. Сезімін, қуанышы мен наразылығын еркін білдіре алмайтын жасөспірімдер жанға дауаны есірткіден іздейді».

БАҚ-та отбасы мүшелерінің арасындағы кикілжіңдер, адами құндылықтарға жат әдеттер жиі жарияланады. Бұл бала тәрбиесімен қатар есірткіге қарсы күресте де кері әсер етеді.  Отбасы маңызды рөл атқаратындықтан, есірткіге тәуелді болғандардың отбасылық ахуалы зерттеледі. Мария Серегинаның айтуынша, наркомания дертіне шалдыққандардан туғандары, ата-анасы сырт айналуға құмар көрінеді: «Олар «біздің қолымыздан келмейді, сендер емдеп беріңдер» деген сылтауды жиі айтады. Бірақ оны жай сырқатқа ұшыраған адам ретінде қарап, ертеңгі күнге деген сенімі мен үмітін оятса, қоғамға пайда келтіретін азаматқа айналары анық. Әке мен шеше емдеу барысында жауапкершілікті бірге алуы тиіс».

Ең сорақысы, ата-аналар балаларының наркоманға айналғанын жылдар бойы байқамауы мүмкін. Осы себепті емделуге көбінесе ауруы әбден асқынғандар келеді. Секта, терроризм, компьютерге тәуелділік, жауыздықты насихаттайтын ойындар т.б. психикалық ауытқушылықтарға себеп болады. Ең бастысы, кез келген балаға ТҰЛҒА ретінде қарап, сыйлау, пікірімен санасу өскелең ұрпақты жаман әдеттерден қорғайды. Демек, есірткімен күресrті бүкіл қоғам болып жүргізу қажет.