АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Каиржан Торежан. Астана жобасы

040651197Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтының Астана филиалы директорының орынбасары Аманжол Чиканаев:

Астананың басты сәулетшісі Президентіміз болды

                Қазақстан астанасының Алматыдан Ақмолаға көшкеніне биыл 15 жыл болды. Осы уақыттың ішінде бұрынғы тың игерушілер қаласы – Ақмоланың келбеті танымастай болып өзгерді. Астананың архитектурасы жылдан жылға сәулетті ғимараттармен көркемделіп, әдемілене түсуде. Сәулетшілердің, құрылысшылардың Астананың көркеюіне қосқан үлесін, сіңірген еңбегіне осыған қарап баға беруге болады. Астана қаласы күніне орай Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтының Астана филиалы директорының орынбасары Аманжол Чиканаевпен сұхбаттасқан едік.

 

– Аманжол Шаймерденұлы, астананы көшіру туралы мәселе көтерілген кезде астана болуға лайықты бірқатар қалалардың тізімдері ұсынылғаны белгілі. Таңдау қалайша Ақмолаға түсті?

– Астананы орналастыратын орында таңдау – көптеген факторларды есепке ала отырып, мұқият сараптауды талап ететін өте күрделі процесс.  Бұл тұрғыда алғанда, астаналық статусқа үміткер қалаларға 32 талап бойынша баға берілгенін айтсақ та жеткілікті болар. Таңдаудың дұрыстығын уақыттың өзі-ақ көрсетті, деп ойлаймын.

– Астана Ақмолаға көшісімен қаланың көркі өзгере бастады. Астананың жаңа келбетін жасау сәулетшілердің міндеті екені белгілі, архитектор ретінде бұл жұмыстардың басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз…

– Астананың келбетін жасаған тек сәулетшілер дегеніміз артығырақ болар. Қаланың бейнесін қалыптастыруға басқа қалалардың әкімдері де үлкен үлес қосты. Олардың әрқайсысы архитекторлар мен құрылысшылардың жұмыстарын басқарып, бағыт берді. Бірақ, қаланың ең басты сәулетшісі біздің Президентіміз болды. Оның ұдайы көрсеткен қамқорлығынсыз, ықыласынсыз, табандылығынсыз жергілікті деңгейдегі қаланың орнында мұндай әдемі шаһар пайда болмас еді. Мен оның қандай да күрделі проблемалардан тың жол тауып кететін қабылетіне, оның жағдайды тез түсінетініне және баға беретініне мен таң қаламын. Мемлекет басшысының біздің кәсіби мәселелерімізді сараптауы тым терең және салмақты болып шығатынына қаншама рет көзіміз жетті, оны  біз, маман-архитекторлар ұят та болса мойындаймыз. Қала аумағындағы құрылыс жасалатын бүкіл объектілердің барлығы қала әкімінің басшылығымен Қала құрылысы кеңесінің талқылауынан және кәсіби «диірменнің тасынан» өтетін. Астана қаласы құрылысының дамуы идеологиялық және стратегиялық жағынан принциптік мәселелер, маңызды және жауапты объектілер Президент жанындағы Архитектуралық кеңес мүшелерінің қарауына, талқысына жіберілетін. Осының барлығы қазіргі Астана тұрғындары мен қонақтары сүйсініп қарайтын астананың архитектуралық келбетін бүгінгі деңгейге жеткізді. Астананың біз көріп отырған қазіргі келбеті соңғы жиырма жылдың ішінде сомдалды. Бұл процесс әлі жалғасады, енді 5-10 жылда қала мүлде танымастай болып өзгереді: жаңадан архитектуралық ансамбльдер бой түзейді, бірегей ғимараттар салынады, жеңіл рельсті жүрдек трамвайлар, әдемі скверлер мен саябақтар болады. Қаланың ортасында әлемдік жетекші архитекторлардың жобалары бойынша ғимараттар кешендері мен «Экспо-2017» дүниежүзілік көрменің павильондары салынады.

Куракаваның жобасына енгізілген өзгертулер жайлы не айтар едіңіз?

– Куракава – бүкіл әлемдік архитекторлық қоғамдастыққа танылған ұлы сәулетші, қала құрылысының теоретигі, практигі. Бірақ ұлылар да адасады. Курокава да бұдан тыс қалған жоқ. Мүмкін бұл оның қатесі емес, оның адасуы шығар –біздің елдің динамикалық өсу үшін қандай мүмкіндіктері бар екенін ол жете бағаламады. 1998 жылы қаланы зерттеп, оның құрылыстарымен, инженерлік инфрақұрылымдарымен, жол-көлік желілерімен танысу үшін Астанаға келген Курокава электр қуатының жиі өшіп қалуын, ТЭЦ жұмысының тоқтап қала беретінін, жарықсыз көшелердегі балшық басқан машиналарды көріп шошығаны рас. Кейіннен ол өзінің жобасын көпшіліктің талқылауына ұсынғанда, мен одан жол тораптарын неге жобаламағанын, неге көшелерді тар жасағанын сұрадым. Ол: «бұл артық нәрсе, сіздерге қаражаттарыңызды үнемдеу керек, қажетсіз коммуникациялық ғимараттарды салуға шығынданудың қажеті жоқ. Сіздердің көшелеріңіз автокөлікке енді елу жылдан кейін толады», деп жауап берген болатын. Осындай оймен ол өзінің жобасын жасады. Үш жылдан кейін біз Курокаваның Бас жобасына өзгету енгізу керек деген ойға келдік.

– Астананың орталығындағы көптеген әдемі ғимараттардың жобаларын жасаған мамандардың көбі шет елдіктер екенін білеміз. Ал жаңа астананың дамуына өзіміздің сәулетшілеріміз қандай үлес қосты?

       – Шетелдіктер өздерінің жобаларымен біздің астананың келбетін жасады деген қате пікір. Шын мәнінде шетелдік архитекторлардың жобалары бойынша тұрғызылған объектілер аса көп емес. Негізгі ауыртпалық біздің сәулетшілердің иығына түсті. Егер қаланы жобалау шешімдері туралы айтатын болсақ, Астанабасжобалаудың мамандары Курокаваның жобаларын іс жүзінде толықтай қайта жасап шықты. Қаланың Әкімшілік-үкіметтік орталығы біздің архитекторлардың жобалары бойынша салынды. Біз өзімізді өзіміз кемсітпей, дұрыс баға беруіміз керек. Астанаға көшкен кезде Ақмолада маманданған архитекторлар мен құрылысшы кадрлар жетіспеушілігі сезілген жоқ. Қаладағы Целиноград инженерлік-құрылыс институты (қазіргі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университет) және Ауылшаруашылық институтындағы (қазіргі Аграрлық-техникалық университет) архитектуралық факультет 60-шы жылдардан бастап құрылысшы, архитектор мамандықтарына жастарды дайындады. Сонымен қатар, астанаға Алматыдан және республиканың басқа қалаларынан құрылысшы, архитектор мамандардың десанттары келді. Бізде шетелдік әріптестерінен қай жағынан болсын кем түстпейтін мықты маман кадрлар бар және конкурстарда олармен тең жағдайда бәсекелеседі. Біз әлемдік архитектура шеберлеріне бас иеміз, олармен бәсекелесу, бақталасу біздің кәсіби және шығармашылық деңгейімізді күрт көтеріп жіберді. Мемлекет басшысы «астананы  әлемдік архитектура шеберлерін тарта отырып, ең жақсы жобалармен саламыз. Солармен бәсекелес болыңдар. Сендерге ешқандай айырықша жеңілдіктер берілмейді» деп, бізді олардың ортасына, бәсекелестік ортаға лақтырып жібергенде дұрыс істеді.

       –  Арқадағы өте қиын табиғат жағдайына байланысты  қаланы көгертуге көп күш жұмсалғаны белгілі. Осы жұмыстар туралы айта кетсеңіз?

–  Жері қуаң, құрғақ далада орналасқан қаланы көгалдандыру күрделі проблема. Бұрындар жыл сайын көктем кезінде ағаш отырғызу науқаны жүргізілетін. Ол ағаштар келесі көктемге дейін тамырланып кете қоймайтын. Жастар жыл сайын ағаш отырғызып, өсіре алмайтын аумақтар болды. Бұны мен қала аумағында көгалдандыру, ағаш отырғызу қаншалықты қиын болғандығын жеткізейін деп айтып отырмын. Жағдайды түбегейлі өзгертуге тура келді. Мемлекет басшысы мұны өз бақылауына алды. Нәтижесі көп ұзамай көзге ұрды – қала сары даладағы оазиске айналды, ал қаланың маңы 45 мың гектарға алқапқа жайылған жапырақты ағаштар мен бұталы өсімдіктерге толды. Оның еш құпиясы жоқ екен, қаланы жасыл желекке орандыру үшін тек қана шулап жүріп ағаш отырғызу ғана емес, оны тер төгіп күту, уақытылы суғарып отыру.

–  Астананың бүгінгі келбеті бұдан 15 жыл бұрынғысынан қаншалықты өзгерді? Қандай артықшылығы, қандай кемшіліктері бар?

–  Бұл сұраққа жауап бергеннен, 15 жыл бұрынғы астанадан қай жері өзгерген жоқ деген сұраққа жауап беру оңай болар еді. Барлық жағынан өзгерді. Өзгермеген жерлері тек біздің уақытымызды өткенге қайтарып,  бұрынғы тып-тыныш жергілікті қаладаны еске салдыратын тарихи ескерткіштер, архитектуралық ғимараттар ғана.

       –  Астана қазақтың бас қаласы. Сондықтан ондағы ескерткіштер, ғимараттар ұлттық дәстүрді, ұлттық келбетті, ұлттық мұраны және қазақ халқының құндылығын көрсетуі тиіс емес пе? Бұл туралы сіз қалай ойлайсыз?

–  Қазақ архитектурасының ұлттық колориті, өзіндік ерекшелігі көрініп тұратын қала келбетін жасау  — күрделі проблема. Үйдің, ғимараттың қасбетіне ұлттық келбет беру үшін қарапайым орнаменттер орнатудан қашу керек. Менің ойымша, ұлттық колорит, ұлттық архитектура біздің сәулетшілердің шығармашылығында біздің өмір сүру салтымызға, стиліне сәйкес ұлттық өрнектер көрініп тұрған кезде ғана пайда болады. Біздің орнымызға келетін талантты жастарға үлкен үміт артамын.

–  Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН                Аста